Жұмысшы мамандықтары – бұл ел экономикасының тірегі

2025 жыл Қазақстанда “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жарияланды. Бұл шешім – қоғамдағы маңызды өзгерістерге, еңбек нарығындағы сұранысқа және техникалық мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған нақты қадам. Қазіргі заманда тек жоғары білім ғана емес, кәсіби-техникалық білім де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Жұмысшы мамандықтары – бұл ел экономикасының тірегі. Құрылысшы, дәнекерлеуші, механик, электрик, токарь, тігінші, аспаз секілді мамандықтарсыз өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы дамымайды. Дамыған елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, жұмысшы мамандықтарына ерекше құрметпен қарайтынын көреміз. Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде техникалық білім алу – беделді әрі болашағы зор жолдардың бірі болып саналады.

Қазақстан да осы бағытта нақты қадамдар жасауда. Колледждер мен кәсіптік мектептер заманауи жабдықтармен қамтылып, дуалды оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл студенттерге теорияны өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтарын насихаттау – жастардың осы салаға қызығушылығын арттырады. Жұмысшы болу – бұл тек табыс көзі емес, бұл – қоғамға пайда әкелу, өзіңді жүзеге асыру жолы.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек бір жылмен шектелетін шара емес, бұл – қоғамның жұмысшы кадрларға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған ауқымды бастама. Бұл бастама арқылы елімізде еңбек адамының мәртебесі артып, жастар кәсіптік бағытта да өз жолын тауып, еліміздің өркендеуіне үлес қосады деп сенеміз.

10:57
249

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020