Туған тілім – тұғырым

                      

          “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл” деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, бүкіл ұлттың болмысы, түгел бір халықтың келбеті мен рухани құндылықтарымыздың мәйегі. Тіл – әрбір халықтың тарихын, танымын, мінезін, дүниетанымын, салт-дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңірген асыл мұра.

Тарихқа көз жүгіртсек, “бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген қазақ халқы ежелден-ақ сөз қадірін жете түсінген. Сонау замандарда бір ауыз сөзбен  түйіні көп түйткілдің шешімі табылған. Халқымыздан шыққан би-шешендер ел, ру  арасындағы дау-дамайды да, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін де осы тіл арқылы шешіп отырған. Сол себепті де қазақ билері мен шешендері, жыраулары мен ақындары ғасырлар бойы халықтың үні, елдің тілеуі, жұрттың жүрегі бола білді. Өткен ғасырдан бізге жеткен даналық сөздер мен мақал-мәтелдер, жыр-термелер мен мәні мен мағынасы терең дастандар ана тілімізде жазылып, ана тілімізде айтылған. Олай болса, тіл – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырушы алтын көпір. 

Бүгінгі таңда отбасы тәрбиесі мен  ұлттық құндылықтарды ұлықтау – қоғамның ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені бүгінгі шағын отбасы – ертеңгі үлкен мемлекет. Мемлекеттің тізгіні сенімді адамның қолында болу үшін ұрпаққа саналы білім қажет. “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” дегендей адам көп тіл білгеннен зиян көрмейді, керісінше, оның талабы да, талғамы да артады. Бірақ ең басты тұғырда өз ана тілі тұруы керек. Адамның ой-өрісі өз тілінде дамып жетілгенде ғана  құндылығы артады. Өкінішке орай, қазіргі жастардың көбі өзге тілді жетік меңгергенімен өз тілінде еркін сөйлей алмайды. Өз тілінде сөйлей алмағаны былай тұрсын, қазақы салт-дәстүрді білмейтіні де қынжылтады. Кейбір қалада өскен балалардың ауылдағы өмірді көріп мұрынын шүйіретіні де бар. Ал бұл – тамырдан алыстаудың белгісі. Тілінен, тегінен, тарихынан бейхабар адам жел қайда соқса, соған қарай шайқалатын теректей болып кетуі мүмкін. Сондықтан адам баласы өзінің туған тарихын, тілі мен дінін, ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін ешқашан ұмытпауы қажет. Қайта осы құндылықтарды өзгелерге дәріптеп, ұлты – қазақ, тілі қазақ екенін мақтанышпен көрсете білсе, нұр үстіне нұр болар еді. “Қазақ тілі — тұғырым” деп  әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғап, оның орынсыз шұбарлануының қарсы тұруы тиіс. Себебі, ана сүтімен дарыған тіл – ең басты байлығымыз. Осыны ұмытпайық, ағайын!

                                                                                          Жаннұр Төлендіқызы

17:43
203

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020