СЫР

«Нағыз адамның белгісі – кісілік».

Ж.Баласағұни

Редакциядан «Қызметтес болыпсыздар, лебіз білдіріңіз», – деген өтініш түскенде онсыз да өткенді сағынып жүрген көңіл қатпар-қатпар ойлардың ізіне түсіп кеткен. Біреуін таңдадым. Талай жылды бірге өткізген әріптес інім туралы әңгіменің әлқиссасын осыдан бастағанды қош көрдім.

Әр аптаның жұма күні мен міндетті түрде «Сарыарқа» («Жезқазған туы») газетінің Бейбітшілік даңғылындағы №13 ғимаратта орналасқан кеңсесіне баратын едім.

Әуелі газетімді, яғни «Сарыарқамды» аламын. Бұдан соң Бас редактор Төлеш Асановтың кабинетіне бет түзеймін.

–«Жас Алаш» пен «Времяның» оқырманы келді. Төрлетіңіз! – деп Төлеш орнынан тұрып, құшағын жайып қарсы алады.

Аталған екі газетті мені сөйлету, пікірлесуге шақыру үшін атайтынын білемін.

Менің «Сарыарқаны» басып өтіп «Букваға», одан әріректегі редакцияларға бармайтынымды ол да біледі.

Қырық төрт жылдық журналистік жолымның 27 жылы (оның ішінде облыстық газетте – 24 жыл) осы ғимаратта, осы кеңседе өтті. Шынымды айтайын, бұл жерге өзім іргетасын қаласқан «Сарыарқаны» алу үшін ғана келмейтінмін. Жастық шақтың ең тәтті кезеңі өткен үйдің қабырғасын бір сипап, сол жылдардың еншісінде қалған асыл, қымбат, әсерлі естеліктерге деген сағынышты сабасына түсіру үшін де баратынмын. Бұған қоса облыстық газетте көп жыл бірге қызмет істеген Төлешпен, Сарамен, Гүлизамен, Бақытпен аз-кем болса да жүздесудің өзін бір ғанибет көретін едім.

Төлеш қызметін «Дидар» телеарнасына ауыстырған соң, апта сайынғы жүздесу үзілді. Сирек кездесеміз. Кездескен сайын бұрынғысынша аппақ көңілмен қауышамыз.

Осыдан екі-үш жыл бұрын болуы керек, осындай кездесулердің бірінде Төлеш бауырым: «Балтеке, Сізге бұрын айтпай келген бір сырды ақтарғым келіп тұр», – деді.

Айтқанынан түсінгенім мынау: өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына қарай оған облыстық газетке редактор болу ұсынылыпты. Төлеш мұндай сенім көрсетілгеніне алғысын айтып, ұсыныстан бас тартыпты.

–«Сарыарқаға» жақындығым журфакта оқып жүргенде-ақ басталғанын білесіз. Оқу бітіріп келген соң, мені құшақ жайып қарсы алды, одан кейінгі өмір баспалдақтарым осында сабақтасты. Осында есейдім, отбасын құрдым, кәсіби жағынан шыңдалдым, адамгершілікке үйретті. Зейнеткерлікке жақындаған, осы газеттің іргетасын нықтап, шаңырағын биіктеткен, бізді тәрбиелеген адамды себептен-себепсіз сырғытып жіберу адамгершілікке жатпас еді деген ойға келдім. Оның үстіне ел-жұртына не айтып барады. Олар «Газет үшін жанын беретін жан едің, сыйғызбай жіберді ме?!», – десе қайтеді?» деген нобайда сырын ақтарды Төлеш.

Мен кезінде бұл әңгіменің шет жағасын естіген едім. Бірақ, оның кейіпкерлерінің ішінде Төлеш бар екенін тіпті білген жоқпын.

Талай жыл қызметтес, тілектес болған Төлештің мына әңгімесі көңілімді босатты, тебірентті. Сонымен бірге екіжүзділік, жағымпаздық, адамдарды «керек» және «керексіз» деп жікке бөлушілік, рушылдық, жершілдік, жетекте жүрушілік етек алған қазіргі кезеңнің құсығы сананы жаулап, жүректі былғап жатқан шақта адами қарым-қатынасты ту еткен азаматтардың да ортамызда болғаны және сау-саламат жүргені күш пен сенім бергендей әсерге бөлендім. Жаңағы мен атаған індетке шалдыққандар әріптесімнің әрекетін жақтамайды. Ал, қоғамның тұтастығын жақтайтын, өз орнын өз күшімен табуға бет түзейтін жастар ойланады деген ойдамын. «Рахмет, Төлеш, сен туралы қателеспеппін», – дедім құшағыма қысып, көзіме жас алып.

Журналистік қызметінде «Редакторлыққа жалақысына қызығып келдім», «Мәшинесін мінгім келді» дегендерді де кездестірдім. Қаламды емес пайданы көздейтіндер журналистикаға кездейсоқ келгендер. Қызметі қоғамның көзін ашу, санасына сәуле түсіріп, жүректі тазалау болып табылатын журналистика үшін бұл – қатерлі құбылыс.

Ал, Төлеш Асанов осы шешімімен адамдар арасындағы қарым-қатынастың тазалығынан, ұстаздық мектепке деген адалдықтан артық ешнәрсе жоқ екенін дәлелдепті.

Дәл бүгін мұндай шешім екінің бірінің қолынан келе бермейтініне ешкім дау айта алмас.

Төлеш Асанов – ҚазМУ-дің журналистика факультетінің түлегі. Аманғали Әбуов екеуін өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басынан бері білемін. Газет редакциясына екеуі бірге келді де жұмысқа, қоғамдық өмірге белсене араласып кетті. Төлеш келген 1985 жылы мен газеттің жауапты хатшысы едім. Жауапты хатшының секретариат немесе газетшілер арасында «Бас штаб» аталып кеткен жеке-дара құрлымы болды. Оған жауапты хатшының екі орынбасары, газет шығарушы, суретші, фототілші, машинисткалар (үшеу), корректорлар (алтау), телетайпшы кіреді. Газет шығару барысында «Бас штаб» бүкіл реджакцияның қызметін үйлестіріп отырады, мақаланың дайындалуы мен газеттің басылуға жіберілгенге дейінгі жұмыстардың бәрі секретариат арқылы өтеді.

Бір-екі өндірістік практикасын бізде өткізген Төлешті білетіндіктен жауапты хатшының орынсарлығына шақырдым. Ол ойланды. Оның да жөні бар. Секретариаттың жұмысы өте ауыр. Газетіміз А2 үлгісімен аптасына бес рет шығарылады. Ол кезде қазіргі компьютер, ғаламтор өмірге енгізілмеген. Материалдар баспаханада «ленотип» аталып кеткен теру машиналары арқылы бір-бір жолдан металдан құйылады, газеттің бір бетінің материалдары теріліп біткен соң, секретариатта жасалған макет бойынша беттеледі. Газеттің ажарлы шығуы, мақалалардың «мен мұндалап» тұруы секретариаттың шеберлігіне, тапқырлығына тікелей байланысты.

Олардың жұмысында сегіз сағаттық өлшем жоқ. Жұмыс таңертеңгі сағат сегізде басталады және қанша сағатқа созылатыны бірнеше жағдайларға байланысты шешіледі. Оның бәрін айтып тауыса алмаймыз. Тек сол кездегі саясатқа байланысты бір мәселені айтпасақ кейіпкеріміздің қызметі толық ашылмай қалады. Кеңес Одағы кезінде компартияның саясатына қатысты елде, республикада, облыста болған маңызды оқиғалар туралы ақпараттар газет арқылы ертеңіне оқырмандардың алдында жатуы тиіс. Осыған байланысты редакцияда «телетайп» деп аталатын үкіметтік байланыс жүйесі жұмыс істеді. Бүгінгі ғаламтордың қызметін атқарды. Жұмысы құпия болып табылатын телетайп қызметі таңертеңгі сегізде басталып, түнгі 22 сағатта аяқталады немесе Мәскеу мен Алматының нұсқауы бойынша түн ортасына дейін жалғасады. Осы телетайп арқылы кешкі 21 сағатта газет беттеліп бітіп, үйге қайтуға жиналып жатқанда «Ертеңгі нөмірге жариялансын» деген нұсқаумен ресми материал түсіп қалуы мүмкін. Амалсыз газет беттерін бұзып, қайра жасауыңа тура келеді. Үйдегі кешкі асқа үлгерсем, бала-шағамен қауышсам деген дәмең жайына қалады. Егер шекесінде «литерлі» деген шоқпары бар әлгі материал қысқа болса, тағы екі-үш сағат жүресін. Ал, газеттің тұтас бетін алып кетсе, келесі таңды редакцияда карсы аласың. Осындайда корректорлар бірер сағат көз шырымын алып, үйлеріне де бармай ертеңіне жұмыстарын жалғастыра беретін.Осындай кездерде шақырылған жерлерге бара алмай ұятқа да қалатынбыз.

Шыдамдының шыдамдысы ғана шыдайтын осындай жұмысқа шақырғаныма Төлештің ойланып қалғаны заңды еді. «Жұмысы ауыр, жазудан қол үзіп, қарайып қалмаймын ба?» деп жүрексінсе де туекел етіп, секретариаттың шетсіз-шексіз мұхитына күмп етіп түсті де кетті. Өзін іске берік, ізденімпаз, тапқыр қызметкер екенін көрсетті. Секретариаттың жұмысын өрге сүйреді, қаламының қарымды, шабытты екенін де көрсете білді.

Редакторымыз Сабыр Сауытбаев (жатқан жері жайлы болсын). «Секретариаттан өткен адам газеттің бүге-шүгесін аса жетік білетін журналист болып шығады», – дегенді жиі айтатын. Төлеш те сондай журналист болып шықты. Сөз орайы келген соң айта кетейін біздің секретариаттың мектебінен өткен, секретариаттың тізгінін алғаш ұстаған Марал Хасенов, Ізбасар Қабдырахманов бастаған жолды сәтті жалғастырған Мақұлбек Рысдәулетов, Шахмұрат Ибадатов, Аманғали Әбуов, Бекежан Нұрғазин, Аманжол Үсенов, Мәулетхан Ақсанов, Бибаят Үсенова, Қуаныш Сиқымбаев және басқалары журналситік қызметтен де, өмірден де өз орындарын тапты. Олар біздің «Бас штабта» шыңдалды.

Төлеш те 55 қызметкер, оның ішінде 30 журналист қызмет жасаған редакцияда есейді. Секретариаттан соң, бөлім басқарды, облыстық газеттің жауапты хатшысы, аймақтық газеттің Бас редакторы болды. Осында жүріп махаббатын, жан-жарын тапты. Болашақ жары Әсем Оспановамен біздің редакцияда танысты. Әсем корректор болып жұмыс істейтін, ширақтығымен қызметінің қиындығын жеңе білді. Айтпақшы мен немере сүйіп, бақытқа бөленіп отырған Әсемді қазір де «келін» деп атаймын. Ол да «Армысыз, Ата!» деп баяғы ақжарқын көңілмен амандасады. Мұның да өз сыры бар. Редакцияда телетайпта жұмыс істейтін зайыбым Орал төрт-бес жастағы кенже ұлымызды кейде жұмысқа ертіп келетін. Жұмыстағы қыз-келіншектер баланы ортаға алып, тілін, сәбилік қылықтарын қызықтайтын, еркелететін. Бірде олар: «Өскенде, дәу жігіт болғанда кімді аласың?», – деп сұрайды. «Әсем тәтені аламын!» – деп жауап береді бала. Сөйтсек, Әсем тәтесі келген сайын тәтті құрт, кәмпит беріп отырады екен. Баланың жауабын естіген соң, Әсемді «келін» деп атап кеткен едік.

Төлеш Асанов өзінің журналситік шеберлігін «Дидар» телеарнасында сәтті жалғастыруда. Оның ұлттық салт-дәстүрлерімізге, әсіресе Абайдың ұлылығына арналған хабарлары қалың көрерменнің жүрегіне жол тауып жүр деген ойдамын. Ұлы Абай арқылы жүректі тазартуға, рухани жаңғыруға қоғамды жұмылдыру – қазақ журналистикасының бірінші кезектегі міндеті. Төлештің «Сарыарқада» («Жезқазған туында») шыңдалған шығармашылығы, берік ұстанымы сәтті туындыларымен қуанта беретініне кәміл сенімдімін.

Балтабек ӘБЕУОВ,

«Жезқазған жураналистері» ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі

Суретте: 1987 жылдың көктемі. «Жезқазған туының» футбол жанкүйерлері Балтабек Әбеуов, Төлеш Асанов, Жұртшыбай Қожықов, Мақұлбек Рысдәулетов «Металлург» стадионында.

Суретті түсірген «Жезқазған туының» фототілшісі Кәмілбек БӘКІРОВ

15:17
673

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020