Алмагүл Сейткәрімқызы – Ұлытау облысы Білім басқармасының «Мәруа Құлышева атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ-де тәрбиеші. Ол мамандығына шексіз берілген майталман маман. Қызметі балалармен тығыз байланысты, тез тіл табысады, жан-дүниесіне терең үңіліп, жүрегіне жол таба біледі. Ал, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасында нәзік байланыс орнағанда кез келген түйіннің тарқатылып, өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасу жолы да «теп-тегіс, жұп-жұмыр» келетіні бесенеден белгілі. Алмагүл Бекхожина қырық жылға жуық қызмет сатысында талай баланың қанатының қатаюына, үлкен өмір айдынында адаспай жол табуына сеп бола білген абзал жан. Оның еңбек кітапшасында екі-ақ жазба бар. Еңбек жолының алғашқы жылдары Сәтбаев қаласындағы №2 балабақшада өрілсе, кейінгісі Мәруа Құлышева атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында жалғасып келеді. Алпыстың ауылына ат арытқан тәлімді тәрбиеші көп ұзамай бейнетінің зейнетін көретін күнді де қарсы алғалы отыр.
Кез келген адам дүниеге келген соң, өмірінің өнегемен, ғұмырының ғибратпен шиырланғанын қалайды. Өзін тұлға ретінде қаалыптастырып, мамандығын да жаңылмай таңдап, көңілі қалаған қызметін де жемісті атқарғысы келеді. Адалдықты ту етіп, ақиқаттың ауылына ақ үйін тігіп, ақ сөйлеп, адамгершілік туын жықпай, адами қалыптан айнымай өткісі келеді. Алмагүл Сейткәрімқызы даа осы айтылған қасиеттерді жанына жұғысты еткен. Ол Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Қаракеңгір совхозында дүниеге келген. Аталмыш ауылда №4 орта мектепте білім алған. Оқуда үлгерімімен, үлгілі тәртібімен көзге түсіп, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене ат салыса білді. Жоғары оқу орнында жүргенде-ақ, болашақ мамандығын бағдарлап, білімімен биікке шығуды мақсат етті. 1982 жылы алтын ұя мектебімен қимай қоштасып, Жезқазған педагогикалық институтын бетке алады. Физика-математика факультетін таңдап, жоғары оқу орнына емтиханын ойдағыдай тапсырып, сынақтан сүрінбей өтеді. Институтта жаңа орта, жанашыр достар табады. Білімді бәрінен биік қойып, өмірлік мақсатына ұмыталады. Қолы қалт еткен кезде кітапхананың табалдырығын тоздырып, қосымша ақпаратқа қанығады. Таңдаған мамандығының жілігін шағып, майын ішуді арман еткен бойжеткен 1987 жылы аталмыш оқу орнын абыройлы аяқтап шығады.
Қолында бес жылғы қажырлы еңбектің, төккен тердің өтеуіндей болған жоғары оқу орнын тәмамдағаны туралы дипломы бар. Енді қалғаны өзі қалаған мамандығы бойынша екі қолға бір күрек табу. Ынта-жігерің болса, жасындай жарқылдап тұрған жас маманға сұраныс болатыны айтпаса да түсінікті. Еңбекке деген құлшынысының, терең біілімінің арқасында Алмагүл Бекқожинаға да қызмет табу қиынға соқпады. 1988 жылы Сәтбаевтағы №2 балабақшаға тәрбиеші болып орналасады. Еңбек жолының алғашқы жылдары, жаңа орта, тәлім іздеп келген балапандар. Өзіне беймәлім болған дағдыға ол тез қалыптасып, ұжымда беделге ие болады. Тәжірибенің барлығы қажыр-қайратпен, үлкен ізденіспен келетінін жақсы түйсінген тәлімді тәрбиеші оқудан, ізденуден жалықпады. Үнемі білімін жетілдіріп, балаларды мектепалды тәрбиемен қамту жолында соны бағдарламаларға сүйеніп, нәтижеге жұмыс істей білді. Осылайша 1996 жылы Мәруа Құлышева атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына қызметін ауыстырады. Мұнда бағыт-бағдар бөлек, оның үстіне жаңа ортаға бірден сіңісіп кету де оңай емес. Десек те, қызмет болған соң, оның үдесінен шығып, абырой биігінен көріну міндет. Мұнда талай тағдыр иесін көрді, өмірге өкпе айтқандардың көзқарасын өзгертіп, шыңға шығуға жетеледі. Енді біріне арман-мақсатын аяқасты етпей, оны өмір жүзіне асыру жолында бағыт-бағдар берді. Ең бастысы, жанына адамгершілік дәнін сеуіп, жүрегіне жылылық ұялатып, ізгілік жолына бастай білді. Барлығын бірлік-берекеге ұйыстырып, тату тірліктің туын жықпауға тәрбиеледі. Соның арқасында Алмагүл Сейткәрімқызынан тәлім-тәрбие алып, бүгінде қияға қанат қаққан талай түлек ұстазын ешқашан ұмытпайды. Жиі хабарласып, алғысын жаудырып, құрмет-қошаметке де бөлеп жатады. Мұның бәрі ұзақ жылғы өлшеусіз еңбектің, есепсіз тгілген маңдай тердің өтеуі. Еңбектің алғыспен ақталғаны барлық мақтау-мадақтан, мараппаттан артық, бағалы.
Өскелең ұрпақты озық біліммен, тәлімді тәрбиемен қамту жолында еселі еңбек етіп келе жатқан аяулы жан өзінің әйел-ана ретіндегі өмірлік миссиясын да жадынан еш шығарған емес. Жар құшып, бала сүйіп, өмірдің қызығына кенелді. Көзінің ағы мен қарасына айналған ұл-қызы да ананың еңбегін ақтап, жоғарғы оқу орнында білім алды. Оны ойдағыдай аяқтап, бір-бір мамандықтың тізгінін ұстады. Ұлы шаңырақ көтеріп, шаттығын еселесе, қызы өрісін кеңейтіп, шат-шадыман күйге бөлеуде. Құрсағынан тараған перзенттерінен немере сүйіп отырған асыл әже бүгінгі бақытының кемімегенін қалайды. Зейнетке шыққаннан кейін де ұрпағының ортасында қуанышқа марқайып, немерелеріне ертегі оқып, бесік жырын айтатын әже болуды қалайды. «Балаң жақсы болса, жердің беті жақсы» деген тәмсіл осындайдан қалса керек. Еңбекпен есейіп, еліне пайдасын тигізген, ұрпақ өсіріп, өмірін шаттықпен көмкеріп отырған тәлімді тәрбиеші, аяулы ана, асыл әже Алмагүл Бекхожинаның ордасында шырқалып тұрған шаттық әні мәңгілік үзілмесін дейміз.
Меруерт Наурызбай.