БІРІНШІ БЕЙНЕБАЯН – АЛҒАШҚЫ ЖЕТІСТІК

1974 жылы іргетасы қаланып, 1990 жылдың 15 қарашасында Сарыарқаның саңлақ ақыны Тайжан Қалмағамбетовтің есімі берілген таланттар ордасы Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының тек Ұлытау-Жезқазған аймағында ғана емес, республика көлемінде бәсі биікте. Осынау өнер мекенінде бүгінде елімізге белгілі талай саңлақ қалыптасып, қияға қанат қақты. Дарабоз дүлділдердің орнын дарынды жастар да жалғап жаттыр. Алдыңғы буынның бүгінгі ізбасарлары – өнерлі ұл-қыздардың басын құраған «Жезқазған дауысы» тобы. Оның құрамындағы Берік Арыстан, Лаура Отызбаева, Перизат Несіпбаева, Ершат Сұлтанғали ән жанрының жан-жақты бағытында сахнаны сыр мен жырға толтыруда. Тек эстрада әншілері ғана емес, домбыра, қобыз сияқты ұлттық музыкалық аспаптардың шеберлері бас қосқандықтан болар, жастар кез келген туындының мазмұнын байытып, әсерлендіріп жібереді. Топ әншілері жеке шығармашылықтарында ұмыт қалдырған емес. Олардың қай-қайсысы болмасын кәсіби біліктіліктерін үздіксіз жетілдіріп отырады. Солардың бірі – жас та болса жасқанбай, құзарларға көз тастап, биікке қанат сермеген Асхат Сағындықов.

Жезқазған музыкалық колледжінен түлеп ұшқан Асхаттың ұстазы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Ғалым Мұхамедин. Аталған оқу орнында 2007 жылдан бастап дәстүрлі ән бағыты бойынша білім алған ол қазақтың киелі домбырасының қыр-сырын жетік меңгеріп, халық әндерінің қасиетін тереңінен түсінуге мүмкіндік алды. 2010 жылы өнер ордасын тәмамдай сала ән-жырдың қарашаңырағы Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясына жұмысқа қабылданды. Жезді өлкенің жыр айдынында қызмет етіп жүргеніне биыл – 10 жыл. Осы уақыт аралығында ол өзінің кәсібилігін дамытып, шығармашылығын шыңдаумен болды. «Батырға оң мен солы бірдей» дегендей өзін орындаушылық өнердің қос саласында да көрсетуге тырысты. Осылайша, дәстүрлі ән өнерімен қатар заманауи эстрада жанрын да биік дәрежеде меңгеріп шықты. Көпті көрген ағалар ақылын арқа тұтып, алға ұмтылды. Туа дарыған қабілет-қарымын қорықпай көпке ұсынды. Батылдық пен қайсарлық өнерге де керек. Расында, тумысынан таудай талантқа ие бола тұра, сол қасиетін жарыққа шығарып, қалың қауымға ұсынудан қамығатын, дер кезінде нақты қадамдарға бара алмаудан бойындағы бөлек болмысын тұншықтырып алғандар қаншама?! Бұл тұрғыдан келтірер мысалдарда аз емес. Осындай ағаттыққа жол бермей, көп ішінен топ жарған Асхат, көлденеңнен көзі түсіп, аңдаусызда аяғыңа шынжыр, қолыңа кісен салатындар көп болса да, Тәңір берген талантқа түрен салу мүмкін еместігін алға тартады.

Асхат үшін 2020 жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Ол жұқпалы дертке байланысты республика көлемін дүрбелеңге салған шектеу шаралары кезінде бүкіл Жезқазған жұртын қуанышқа кенелтіп, мерейлерін тасытты. Бұл – оның алғашқы бейнебаянының жарық көруі. Отандық музыкалық телеарналардан күн сайын беріліп жатқан «Бөлек екенсің» әніне түсірілген бейнебаянның ерекшелігі – басынан аяғына дейін Жезқазған қаласында түсірілгендігі. Сарыарқа төсіндегі тарих пен тағлымы жарасып, ынтымақ пен ырысы біте қайнасқан шағын ғана Жезқазған аймағының көз еліктіріп, көңілге тыныштық сыйлайтын орындарын бейнебаян желісіне арқау етіп, оны жалпақ қазақ жұртына ұсынған оның еңбегі, әрине, мақтауға тұралық.

Бейнебаянның бүкіл тарихы Жезқазғанмен байланысты. Бұлай дейтініміз, бұл туындының әншісі де, сазгері де, ақыны да – осы өңірдің өрендері. Әннің сазгері – Нұрлан Мұсабеков, сөзін жазған – Мұқағали Сейтқазы. 2018 жылы жазылған бұл ән басында ел арасында әлеуметтік желі, той-думан, отырыстар арқылы кеңінен таралған. Кейіннен «Неге бейнебаян түсірмеске?» деген ой туындайды. Аталған туындыда Асхатпен бірге басты рөлді Әдемі есімді 17 жасар ару сомдап шықты. Ол Жезқазған музыкалық колледджінде би мамандығы бойынша білім алуда. Такси шақырған жолаушы қыздың көлікте мойынорағышын ұмытып кетіп, соны сылтау еткен жігіттің қыз жүрегіне жол тауып, жарасымды жұп атану мезеттері баяндалатын бейнебаян біраз қаралым да жинап үлгерді. Ән әуезіне айтылған пікірлерде жаман емес екендігін байқадық. Бейнебаянның жарық көруіне қол ұшын созып, қолдау көрсеткен «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясының басшысы Сәуле Шәуенова мен тілекші ағасы Сабыржан Тембаевқа және барша қолдаушы, жанашыр дос-жаранға Асхаттың айтар алғысы ерекше. Бейнебаянның алғашқы сценарийі қыста жазылып, түсіріліпті. Онда актриса да бөлек болған. Десе де, белгілі себептермен бейнебаянды көктемде қайтадан құрастыруға тура келген. Үш күн ішінде түсірілген туындының сапасына да дау айта алмайсыз. Бұл да жезқазғандық жігіттердің еңбегі. Техникалық топ қаламыздағы «Magic.jkz» студиясының қызметкерлері. Түсірілім кезінде орын алған қиындықтар мен қызықты сәттерді есіне алған Асхат көпке оп-оңай іс болып көрінгенімен, бейнебаян түсірудің айтарлықтай жеңіл еместігін, бұл шаруада да талай жанның маңдай тер еңбегі жатқандығын атап өтті.

Бүгінде Асхат Сағындықовтың жеке ән қоржынында екі ән бар. Оның бірі – «Бөлек екенсің» болса, екіншісі – «Анама хат».

-Әрине, көп адам тырнақалды бейнебаянын неге анасына арнамады екен деп ойлауы мүмкін. Ол қалыпты жағдай. Оны да ойладым. Әйтсе де, кез келген істен бір қателік табылары ақиқат. Біткен іске сыншы да көп болады. Алдыңғы тәжірибе айтарлықтай рөл ойнайды. Осыны ескере келе, адамзаттың аяулысы ана атты құдіретке арналған жұмысымда қателік орын алғанын қаламадым. Бұл тақырып иненің жасуындай болса да ағаттықты кішірмейді деп ойлаймын. Меніңше, анаға арналған әр іс сол асылымның жүрегіндей кіршіксіз болғаны абзал. Осылай дей келе, бұл істі болашақтың еншісіне тапсырғанды жөн көрдім, – деді ол өз сөзінде.

Асхаттың болашаққа құрған жоспарлары да мол. Шығармашылығын республиканың үлкен қалаларында байқап көруді мақсат етіп отыр. Келесі бейнебаянын Ұлытаудың әсем табиғатында түсіргісі келеді. Өнер өлкесінің жезкиігі Жақсыкелді Сейілов ағасының әндерін қайтадан көрерменмен қауыштырмақ ниеті де бар.

Барша әріптестестерін кәсіби мерекелері мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнімен құттықтаған Асхат Сағындықов олардың барлығының еңбектері мақтауға тұрарлық екендігін айта келе, филармония ұжымын алаңдататын басты мәселе – ғимарат жайы екендігіне де тоқталды. Сонымен қатар, гастрөлдік сапарларда көлік қозғалысы да қиындық тудыратын еске салды. Осы тұрғыдан филармония ұжымына қолдау көрсетілсе, өнерпаздардың қанатына қанат бітерін алға тартты.

Мамандықтан гөрі адамдықты жоғары қоятын Асхат Сағындықов ең ұлы мамандық – әке болу дейді. Бүгінде бір ұл мен егіз қыздардарды тәрбиелеп отырған өнер иесі үлгілі отбасының тірегі де.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

17:02
536

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020