​БҰЛ – БІЗДІҢ ТӨКЕҢ

Біздің де барша қазақ сияқты өзімізге үлгі тұтар, қысылғанда алдымыздан табылып, жол бастар ардақты ағаларымыз баршылық. Олар кейбір қадірін өзі кетіретін қариялар секілді сенің еңбегіңе сұғанақ көзін сүзіп, оны меншіктеп, өзіне сұғындырып ала қоятын, сөйтіп, мардымсып, барлық жиған-терген беделін салып, бөгет жасап бөсетіндерден емес. Абзал ағалар бізді үнемі қолдап, қолтығыңнан демеп, «ақ жол» тілеп отырады. Осындай ағалардың бірі ретінде бүгінде алпыстың асқарына шыққан Төкеңді қадірлейміз…

«Біздің» деп бедерлеп отырғаным – Жезқазған-Ұлытау аймағындағы бұқаралық ақпарат құралдарының орта және кіші буын өкілдері. Ал, «Төке» деп «төркіндеп» отырғаным аймағымызға белгілі журналист, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» байқауының аймағымыз ғана емес тұтас Қарағанды облысы бойынша алғашқы иегерлерінің бірі, Жезқазған қаласы әкімінің арнайы «Алтын қалам» сыйлығының иегері – Төлеш Асантегі.

Егер, кешегі Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінің сонау жетпісінші-сексенінші жылдардағы сандарына көз жүгіртсеңіз «Төлеш Асанов» деген атпен берілген мақалалар алдыңыздан шығар еді. Әсіресе, жақсы жаңалықтар, жедел хабарлар оның есімін жиі айғақтап тұрады.

Әңгімені неге өткен ғасырдан бастады деп те ойлауыңыз мүмкін. Оның да өз себебі бар. Ол қызығынан қиындығы басым, шерлі Шерханша айтар болсақ, арқалағыны алтын, ал жегені жантақ журналистика саласына сонау мектеп қабырғасында жүріп қадам бастаған еді. Жураналистикаға деген сол бала махаббат оны мектеп бітірген күннің ертесіне редакцияға жетектеп әкелген-ді. Сол күннен бастап ол Ишанбек Жауыртаев, Сапабек Мырзатов сынды мықтылардың мектебіне топ ете түскен болатын ...

Отбасының үлкені болғандықтан ба, өз қатарластарынан ертерек есейген ол қандай мәселеге де жауапты қарайды. 1977 жылы орта мектепті жақсы аяқтаған соң бірер жылдай ата-анасына қолқабыс жасау мақсатында Жездіде жұмыс істеп, 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Жоғарыда есімдері аталған журналистиканың марқасақаларының қазанында қайнаған Төкең үшін сол тұстағы Қазақстандағы жалғыз университеттің оқуы онша қиынға түсе қойған жоқ. Оқуын бітірісімен өзін қанаттандырып жіберген Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне қайтып келіп тілші, сосын бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

Журналистке жақсы жазумен қатар, өзге де қасиеттерді меңгеру немесе бойға сіңіру талап етіледі. Оның ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу, әңгімеге тарту арқылы оның ішкі жан сырына үңілу. Осындай ерекшеліктер бойынан қапысыз атойлап тұратын Төлешті сол кездегі Жезқазған облысының айнасы «Жезқазған туы» газетінің басшылары жазбай таныды. Аттай қалап, аймақ басылымына қызметке шақырды.

«Мен үшін «Жезқазған туы» газеті нағыз журналистика мектебі болды. Тіпті, университеттен кейінгі мамандық пен өмір академиясы еді ол. Сол кездегі редакторлар – Ұзақбай Төлеуовтен әкелік қамқорлықты сезінсем, Сабыр Сауытбаевтан басшы болсаң қарапайым әрі маңайындағыларға әрдайым әділ болу керектігін ұғындым, редактордың орынбасарлары Сапабек Мырзатов, Сайлаухан Нәкенов, Көбейсін Еңсебаев журналистік қабілетімді ұштай түсті. Сол кездегі жауапты хатшы Балтабек Әбеуовтан газеттің ішкі кухниясын меңгердім», — деп әр кез мақтанышпен еске алып жүреді Төкең.

1997 жылы облыс жабылып, облыстық газет қалалық газетке айналды. Төлеш сол жылы Қарағанды қаласында шыға бастаған республикалық «Азия Транзит» газетіне қызметке ауысты. Онда белгілі жазушы, журналист Өтен Ахметов, Айтбай Сәулебековпен бірлесе жұмыс істеді. Ол осында жүріп компьютермен газет беттеудің құпияларына да ден қойды.

Әріптес ағасы Батырбек Мырзабеков, әріптес інісі Әнуар Омардың қайта-қайта қолқалауымен 2000 жылы қарашада Сәтбаев қаласындағы «Шарайна» газетіне редактор болып ауысты. Ол келгенде газеттің өндірістік базасы тым жұтаң болатын. Бірден осы мәселені шешуді қолға алды. Ең алдымен редакцияны копьютерлендіруге күш салды. Банкпен келісіп, компьютер цехын несиеге алды. Компьютерге ебі бар деген жастарды іріктеп алып үйретті. Ақыры 2001 жылы 22 наурызда «Шарайнаның» өз компьютерлік орталығында өз қалауларымен беттелген, мазмұны бөлек жаңа тұрпаттағы 12 беттік екі тілді газет жарыққа шықты.

Газеттің бейнесін жаңартуды оның мазмұнын жақсартумен, білікті кадрлар тартып және кадрлар тәрбиелеумен қатар жүргізіп отырды. Штат көлемі екі-үш есеге дейін өсті.

2002 жылы Жезқазған қаласының әкімі Жұмамәди Ибәділдиннің табанды шақыртуымен «Сарыарқа» газетіне ауысты. Сол жылдың сәуірінен 2016 жылдың желтоқсанына дейін – Жезқазған аймақтық (бұрынғы – облыстық) «Сарыарқа» газетінің бас редакторы, «Сарыарқа» газеті редакциясы» ЖШС директоры болып қызмет етті. Ал, 2017 жылдан бастап қалалық «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары.

Төлеш Асантегі 90-жылдары очерк, публицистикалармен қатар көркем шығармаларды да біршама өндіріп жазды. Жазған әңімелерінің барлығы облыстық газетке ғана емес, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына, басқа да республикалық басылымдарда кедергісіз жарық көріп жатты. Мұның өзі оның шығармаларының әдеби ортаның жоғары талғамына сай болғанын көрсетсе керек.

2016 жылы «Боздау» әңімелер жинағы жарық көрді. Бұл кітапты дизайнды, макетті, қажетті копьютерлік бағдарламаларды терең меңгергендіктен ешкімге жалынбай өзі кітап етіп басып шығарды. Алда очерктер жинағы кезек күтіп тұр. Амандық болса, ол да өз күшімен жарық көрмек. Өзін көпке жалаулатып танытуды суқаны сүймейтін ол кітапты қалың оқырманға таныстырудың сәті бір түсер деп қояды. Бұл енді бөлек әңгіме...

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

17:11
1727

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020