Жұмысшы мамандықтар – қоғамның тірегі

Қазіргі заман – білім мен еңбек дәуірі. Осы тұста ел экономикасының іргетасын қалап, қоғамның дамуына тікелей үлес қосып отырған жандар – жұмысшы мамандық иелері. Қарапайым еңбек иелері – құрылысшылар, дәнекерлеушілер, токарьлар, жүргізушілер, электриктер, сантехниктер, техник-механиктер – бәрі де өміріміздің тынысын қамтамасыз ететін маңызды мамандықтардың иелері.

Жыл сайын жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Себебі бүгінгі еңбек нарығына тек теориялық біліммен ғана емес, нақты кәсіптік шеберлікпен келген білікті мамандар қажет. Әсіресе, қолмен жұмыс істей алатын, өз ісінің хас шебері бола алатын мамандар тапшы. Осыған байланысты кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, колледждер мен техникалық мектептердің атқаратын рөлі зор.

«Еңбек етсең – емерсің» дейді дана халқымыз. Жұмысшы болу – ұят емес, қайта, бұл – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы іс. Еңбек адамы – әрқашан құрметке лайық тұлға. Әрбір мамандық – қоғамның бір тетігі. Ал сол тетіктердің біркелкі жұмыс істеуі үшін барлық саланың мамандары өз орнында еңбек етуі тиіс.

Көптеген жұмысшы мамандықтарда жалақы деңгейі де жақсы, әсіресе тәжірибе мен шеберлік артқан сайын еңбек ақысы да өседі. Кәсіби тұрғыдан жетілген маман – сұранысқа ие тұлға. Сонымен қатар, жеке кәсіп ашып, өз ісін жүргізіп отырған жұмысшылар да аз емес. Бұл – кәсіби білім мен табандылықтың нәтижесі.

Мемлекеттік қолдау мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше мән берілуде. «Жастар тәжірибесі», «Бастау Бизнес», «Ұрпақтар келісімі», «Білімді ұлт» бағдарламалары аясында жастарға арналған түрлі жобалар мен қолдау шаралары іске асырылуда. Бұл – кәсіби мамандықтардың мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадамдар.

Сондай-ақ, «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы арқылы мыңдаған жас білім алып, өз болашағын нақты кәсіппен байланыстыруда. Ел экономикасының тұрақты дамуы – осы мамандардың арқасы екенін естен шығармаған жөн.

Қорыта айтқанда, жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар – болашақтың тірегі. Олар – ел ертеңінің иелері, қоғам дамуының қозғаушы күші. Еңбек – адамды шыңдайтын, өмірге бағыт беретін құндылық. Шын жүректен еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды. Сондықтан да әрбір жас маманға еңбек жолында табыс тілейміз! 

Нұржан Атамбаев

11:58
146

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020