Қай салада болмасын, топжарғандар тарихына үңілсеңіз, еселі еңбектің, үздіксіз ізденістің жемісінің арқасында арман биігіне көтерілгенін аңғарасыз. Аяулы арман айқын, алға қойған мақсат берік болған кезде алынбайтын қамалдың жоқтығына көз жеткізесіз. Тынымсыз тірліктің, нәтижелі жұмыстың адал нәпақаға жол ашатынына, сол арқылы жемісті жеңіске жетелейтінін еріксіз мойындайсыз. «Еңбек адамы» айдарымыыздың келесі кейіпкері кәсіби боксшы Оразхан Ергештің өмірбаянына үңіліп, спорт жолындағы белестеріне көз жүгірте отырып, осындай пайымға келдік. Бала кезінен спортқа деген құлшыныс, оның қызығы мен қиындығын қатар көру, мұқалмас жігер, сарқылмас қажыр-қайрат оны бүгінгі межесіне жеткізген.
Оразхан Анарбайұлы 1997 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 5 жасқа толған жылы отбасы Жезқазған қаласына қоныс аударады. Нәтижесінде оның балалық шағы мысты өлкеде жалғасып, жасөспірім, бозбала кезі де осы өңірде өріледі. Алғаш Жезқазған қаласындағы №21 орта мектеп табалдырығын аттағанымен, 5-8 сыныпта №8 мектеп-гимназиясында білім алады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, спортқа деген қызығушылығы артып, бокс секциясына келеді. Тәлімді бапкерлердің нысаналы бағыт-бағдарының арқасында 2009 жылдан бастап бұл спорт түріне түбегейлі ден қоя бастайды. Құлагерді құлын кезінен таныған алғашқы бапкері Тұралы Тәліпов жас спортшының көзіндегі ұшқынды көріп қана қоймай, бетін қақпай, белін буады. Білгенімен бөлісіп, шаршы алаңда жасындай жарқылдау жолында бокстың негізгі тәртібін түсіндіріп, техникасын меңгеруіне күш салады. Бокс залындағы үздіксіз жаттығулар, шеберлікті шыңдай түсуге мүмкіндік беретін үлкенді-кішілі аламандар, бапкердің темір тәртібі мен ақыл-кеңесі спорт жолындағы алғашқы қақпа есіктерін ашуға мүмкіндік береді. Оразхан көп ұзамай Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқушысы атанады. Бейтаныс қала, жаңа орта. Оған үйренісу, жаңа достар табу, интернаттың тәртібіне бой ұсыну сынды көптеген міндет тұрды оның алдында. Бірақ, болашаққа деген жоспары бар жазылған, арманына деген адалдығын тағы қосыңыз. Бүгін таудай болып көрінген қиындықтары ертең алдынан жеңіс жалауын желбірететінін білген жасөспірім Оразхан сол кезде бәрін еңсеруге дайын еді. Еңсерді де. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, мұнда да жас спортшы кәсіби бапкердің уысына түсті. Мейрам Әлюбаевтың жетекшілігімен бокстың қыр-сырына терең үңіле түсіп, үлкен спорттағы алғашқы қадамдарын жасай бастады. Осылайша, 2014 жылы аталмыш мектеп-интернатты ойдағыдай бітіріп шықты. Қашанда білімдінің күні жарық екенін жақсы білетін Оразхан жоғарғы оқу орнына тапсырып, жүрек қалаған мамандық иесі атануды мақсат етті. Нәтижесінде таңдауы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына түсіп, осы оқу ордасының студенті атанды. Теориялық білімін де жетілдіріп, тәжірибесін де шыңдай жүріп, студенттік жылдарының қалай өте шыққанын да аңғармай қалды. Университет қабырғасында жүргенде талай айтулы аламандарға қатысып, қанжығасын майлап үлгерді. Атап айтатын болсақ, 2014 жылы Болгарияның София қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысты, дәл осы жылы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ал, 2015 жыл Оразхан үшін жемісті болды. Ол Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (Қарағанды), Айтенов атындағы халықаралық турнир жеңімпазы (Қостанай), Алексей Тищенко атындағы халықаралық турнир жүлдегері, 3 орын (Омбы, Ресей) атанды. Жеңіс жолындағы жетістіктері келесі жылы да сәтті жалғасын тапты. 2016 жылы Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнирдің қола жүлдегері (Ақтау), Қытайда өткен халықаралық турнирдің финалисі болды. 2017 жылы Омбы қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (Ресей) деп танылса, 2018 жылы Қарағанды қаласында өткен Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнир чемпионы, 2019 жылы Қытайда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. 2022 жылдан бастап боксшы Оразхан Анарбайұлы кәсіби жекпе-жекке бет бұрып, RUH FIGHTING CHAMPIONSHIP лигасында өнер көрсетіп келеді. Қазіргі таңда осы лиганың 61 салмақта ресми чемпионы. Оның кәсіби рекордында үш мәрте қатарынан жеңіс тіркелген, бағына орай жеңіліс және тең нәтиже бағандары еш шиырланбаған.
Кәсіби боксшының болашаққа бағдары, келешекке жоспары ауқымды. Жас та болса, еселі еңбегінің арқасында азды-көпті жетістікке қол жеткізіп үлгерген Оразханның дамудағы даңғыл жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Ол маңдай тер мен адал еңбектің табысқа бастайтынын сеніммен айта алады. Өйткені, өзі айтқан жолмен өзі жүрді, жүріп те келеді, ғұмыр берсе жүре де бермек. Оның еңбек жолындағы темірқазығы – адалдық, табандылық. еңбексүйгіштік қасиеттері. Осының бәрі бір арнаға тоғысқанда спорт биігіне ұмтылған Оразхан үшін жеткізбейтін жол жоқ.
Меруерт Наурызбай.