​ҚАЛАМДАСТЫҢ ТАЛТҮСІ

Өкшемізді басып, өмір өріне өнеге өрісін жайып келе жатқан Төлеш Асанов әріптесіміз де алпыс жастың асуына шығыпты. Артына қарайласа кесіп өткен талай белестері өркеш-өркеш болып көсіледі, алдына көз тіксе әлі де алынбаған тың асулары қол бұлғап шақырады. «Алпыс – талтүс» деп жатады ғой әлбетте. Олай болса, талтүсің құтты болсын дейміз қаламдас бауырымызға. Алдағы алар асуларың көп болсын!

Осыдан тура 18 жыл бұрын «Сарыарқа» газетінің бас редакторлығынан кеткенімде басылым тізгінін сенімді әріптес Төлештің қолына ұстатқан кезең еске түседі. Ол Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бас редакторы еді. Сәуір айы болатын. Облыстық Журналистер форумына барып, Қарағандыдағы қонақүйдің қатар бөлмелеріне жайғасқан біз іс-шарадан соң өзімізше бас қостық. Біраз әңгімелер айтылды. «Төлеш, мен осыдан барысымен редакторлықтан босату жөнінде өтініш бермекпін. Әкімнің түртпектеуі көбейді, жүйкемді жұқартқанша «керегі осы болса ала ғой» деп қызметін тапсырайын деп отырмын», — дедім достық көңілмен іштегі сырды ақтарып. «Бірақ, әкімнің менің орныма кімді көздеп отырғанын біле алмадым. Әйтеуір, газетті білетін жігіттердің бірі келсе дұрыс болар еді» деп тағы бір тоқтағанымда Төлеш сәл тосылып қалды. Сәлден соң күмілжіп барып:

— Аужеке, өзіңіз бастадыңыз ғой, айта алмай жүрген едім. Енді жасырғанмен болмас. Әкім өткен жылдан бері «Сарыарқаға» келсейші деп мені мазалап жүрген-тін. Қос қаланың бюджеті осы кісінің қолында ғой. Осы жолы амалсыз келістім, — деп ақтарылды ол да.

Бұған өзім қатты қуандым. «Мен кете қалсам анау болады, мынау болады» деп ниеттес жігіттермен іштей бал ашып жүргенімізде әлдекімдердің емес, қатар жүрген дос, сенімді әріптес Төлештің келетіні шын мәнінде көңілімді орнықтырды. Бұлайша сенімді болуымның да өзіндік қисыны бар болатын. Екеуміз қайта құру дүрмегі белең алып тұрған сонау 1985 жылдан бастап облыстық «Жезқазған туы» газетінде қатар еңбек етіп, талай қызық пен шыжықты бастан бірге өткіздік десе болады. Мен партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезде қатарға келген ол жауапты хатшының орынбасары ретінде жұмысын бастады. Көп кешікпей-ақ газет шығарудың ішкі жұмыстарын ойдағыдай үйіріп әкетті.

Төлеш Асанов – сол замандағы қалам ұстаған сандаған таланттардың алтын ұясына айналған С.М.Киров атындағы ҚазМУ-нің түлегі. Ол еңбек жолын 1977 жылы Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, екі жылдан соң журналистика факультетіне оқуға түскенде қаламы ұшталған жастардың легінде танылған екен. Университетті бітірген соң өзі қанаттанған аудандық газетке оралып, бөлім меңгерушісі болды. Сондықтан облыстық басылымға келіп газет макетін жасап, полиграфиялық безендіру ісін атқарумен қатар қалам сілтеуде де қамшы салдыра қойған жоқ. Әлеумет көңіліндегі тақырыптарды көтерген тартымды мақалаларымен тез арада көзге түсті. Көркем шығарма жазуға бейімділігін байқатты. Сол кезеңде оның «Жезқазған туында» жарияланған «Боздау» деген әңгімесі оқырманын елең еткізгені есімізде. Шұрайлы тіл, әсерлі образбен кестеленген дүниеге әріптестері де жақсы бағасын беріп, ризалық танытқан болатын. Кейін де Төлештің аз жазғанмен, саз жазған әңгімелері республикалық әдеби журналдарда жарияланып жүрді. Солардың басын біріктірген прозалық жинағы «Боздау» деп аталады. Міне, осы жолдардан алқынбай, байсалды қалпында өткен Төлеш Сүлейменұлын біз газет технологиясының білгір маманы, қаламы қарымды журналист деп білеміз. Ол облыстық «Жезқазған туында» (кейін «Сарыарқа») хаттар бөлімінің меңгерушісі, одан соң жауапты хатшы болып жемісті еңбек етті. Журналистік қабілет-қарымымен барынша танылды. Жезқазған облысының жабылып, ежелгі Қарағанды облысына қосылуы көптеген әріптестеріміздің өміріне күрт өзгеріс тудырған сындарлы шақ болған еді. Осы кезде Төлеш те қызмет бабымен Қарағандыға қарай ойысты.

Облыс орталығы Қарағандыға қоныс аударып, «Азия Транзит» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқаруы Төлештің жаңа қабілет-қарымының ұшталуына игі әсерін тигізгені анық. Ол әріптестеріміздің арасында алғашқылар қатарында компьютерді еркін меңгеріп, сол жақта еңбек еткен екі-үш жылдың ішінде газет-журнал шығаруға қатысты күрделі бағдарламалардың барлығын жетік игеріп алды. Осы тәжірибесі 2000 жылы «Шарайна», 2002 жылы «Сарыарқа» газеттеріне басшылыққа келгенде көп пайдасын тигізді. Мен Төлешке редакторлықтың тізгінін тапсырғанда біз әлі баспахананың бет жасап беру қызметімен қоштаса алмай жүрген кезіміз еді. Қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Осы жағдаймен қаржы бөліміне жиі қыңқылдап, компьютер ала алмай жүргенімізді жақсы білетін сол уақыттағы қалалық қаржы бөлімінің басшысы, қазіргі қала әкімінің орынбасары Аманғали Әбдіхалықұлы айтарлықтай көмек жасаған болатын. Көрші газетке дабыра қылмаңыздар деп «Сарыарқаның» мемлекеттік тапсырысына 5 млн. теңге бөлгені есімнен кетпейді. Бұл 2002 жылы әжептәуір жақсы қаржы болатын. Осы істі редактор болып келген Төлеш әрі қарай сәтімен жалғастырып, «Сарыарқа» газетінің дербес компьютер орталығын құрды. Редакцияның газетті баспаханада беттеу тәуелділігінен құтқарып, оларға басылу мен қағаз шығыны үшін ғана төлейтін жағдайға қол жеткізді.

Бас редактор қызметін 14 жыл бойы атқарған кезінде ол редакцияға журналистердің жаңа легін топтастырды, көптеген жас буынды мамандыққа шыңдап тәрбиелей білді. Қалалық газеттің аймақтық деңгейде болуына күш салды. Оқырман көңілінен шығар ойлы дүниелердің жүйелі жазылуын басты бағытқа айналдырды. Қалай десек те, Төлеш қаламгердің бүкіл шығармашылық жолы газет ісімен, оның ішінде аймақ баспасөзінің қарашаңырағы «Сарыарқаның» өсіп-өркендеу кезеңімен байланысты болғанын жақсы білеміз. Кейінгі уақытта ол телевидение саласына ауысып, онда да өзінің ілкімді ізденістерімен көрінуде. Қалалық «Дидар» телеарнасында 2017 жылдан бастап директордың орынбасары қызметін атқаратын Төлеш Асановтың тележурналист ретіндегі хабарлары да көрермен көпшілікке таныла бастады. Осы мақаланы жазар алдында әріптесіміздің кейнгі кәсібінің жай-күйінен де сыр тартқан едік.

— Төлеш, газет саласына ұзақ жыл бауыр басқан біздерге баспасөздің қадір-қасиеті ерекше сезілетінін білесің. Қазір сен бұрынғы кәсібіңе қарағанда тың сала – телевизияда түрен салып жүрсің. Өзің қалай ойлайсың? Былайша айтқанда, бұқаралық ақпарат құралының осы екі түрінің өзіндік айырмашылығы мен ерекшелігін қалай сезініп жүрсің?

– Иә, мен қырық жылдай газетте жұмыс істеген адаммын. Газет тірлігінің секретариаттан бастап барлық сатысынан өттім. Сондықтан газеттің жұмысы менің өміріммен әбден біте қайнасып кеткендей. Міне, телевизияға жұмысқа ауысқаныма үш жылдың жүзі болса да, хабар жүргізу барысында ауызыма әлі күнге дейін «көрермендер» деген сөздің орнына «оқырмандар» түсіп кетіп жататыны соның әсері емес пе…

Газет пен телевизияның екеуі де журналистиканың өрісі демесең, ақпарат жеткізудегі құралдары мен әдіс-тәсілдері екі бөлек өндіріс. Бейнелеп айтқанда, газетте «қалам қуаты» алда тұрса, телевизияда «микрофон қуаты» алға шығады. Бірінің құралы – сөз, екіншісінікі – жанды бейне мен сөз. Газеттің өнімі негізінен жеке адамның еңбегі болып табылса, телевизияныкі – ұжымдық еңбек қой. Аймағымыздағы журналистиканың екінші бір мықты мектебі – «Дидар» арнасына директордың шығармашылық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызметке келгенде, алдымен мәтіндерді түзетумен айналыстым, оң жамбасыма келгені де сол еді басында. Хабар жүргізудің машығына, онда да телекамераның алдына тікелей шығу секілді «жасанған жаумен бетпе-бет қоятындай» әдіске біртіндеп бой үйретудемін. Мұндағы күрделілік – мыңдаған көзді бір ойықтан тесілткен камерамен бетпе-бет келу ғана емес, сынай қараған сол мыңдаған көздің алдында айтар ойыңды жаңылыспай жеткізе білу де болса керек. Әрине, қалыптаспаған адамаға бұл оңай шаруа емес. Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Ғабиден Мұстафин радиода тікелей эфирге шығудан қашқақтайды екен. Ол, әрине, майталман сөз шеберінің тіл байлығының кемістігінен емес, жазуға үйренген адамның топ алдында суырылып шығып, сөз сөйлеуге машықтанбағандығынан деп түсінеміз. Дегенмен, жалпы, газеттен кетіп, телевизияға келгеніме қазір өкінбеймін. Қашанда алдыңда сен үшін тылсым дүниелерді талмай игеру мүмкіндігі тұрғанға не жетсін! Ол – мен үшін өмірдің қозғаушы күшінің бірі әрі бірегейі, — дейді Төлеш ойға түйгендерін алға тартып.

Негізінде кәсіби журналист үшін қай саланың болмасын жаттығы жоқ. Ең бастысы бойда шығармашылық қуат, білім мен біліктілік болсын деңіз. Бұл тұрғыдан біздің әріптесіміз айтарлықтай алда тұратыны анық. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеш Асанов Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының алғашқы лауреаттарының бірі, Жезқазған қаласының әкімі дербес тағайындаған «Алтын қалам» сыйлығының иегері. Баспасөзге қатысты байқауларда да топ жарып, жүлдегер атанып жүр. Журналист мамандығының бір ерекшелігі, күн-түн демей мазасыз ой кешіп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ал, көркем шығармаға бойұрған жан болса шығармашылық жолындағы толғаныс тіпті еселене түспек. Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен көрінген Төлештің де бұл тұрғыда ойға алғандары мен шығармашылық жоспарлары аз емес сыңайлы. Әр жылдары жазылған әңгімелерінің қатарына жаңа туындылардың қосыларына сенімді. Теледидар өнімдеріне де үлес қосып, аймақ адамдарының бейнесін сомдайтын тартымды телесюжеттер жасағысы келеді. Иә, қаламгердің шаңқай түсі енді басталды. Жазары мен айтары әрдайым таусылмасын дейік.

Амандық РАХҰЛЫ

17:26
1614

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020