Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Мал шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі.
Ал осы саланың тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде ветеринар мамандардың еңбегі орасан. Олар – төрт түліктің саулығын сақтап қана қоймай, қоғамдық денсаулыққа да тікелей ықпал ететін жауапты қызметтің иелері.
Ветеринариялық қызметкерлер күні қарсаңында бүгін облыс әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аталмыш еңбек иелері марапатқа ие болды.
Айта кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелердің тізімін кеңейтіп, оған сегіз тармақ қосқан еді. Ветеринариялық қызметкерлердің есіл еңбегіне құрмет көрсету мақсатында кәсіби мерекелер тізіміне тағы бір күн қосылып, аталған саланың еңбеккерлерін қуанышқа бөлеген болатын.
Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Кеңгірбай Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп, облыстың дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген мамандарға алғысын білдіріп, еңбектеріне жеміс, жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай-ақ, сала зейнеткерлері мен қызметкерлері марапатталды. Атап айтсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің грамотасы, Ұлытау облысының Құрмет грамотасы және облыс әкімінің алғысхаты табысталды.
Шара естелік суреттерге түсумен қорытындыланды.