Жезқазған қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қала әкімдігі мен Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен колледж түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы – білікті мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Әсіресе, өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы секілді салаларда еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелерінің орны ерекше. Осы мамандықтар – ел тірегі, қоғам тіршілігінің күретамыры.
Жәрмеңкеде 30-ға жуық жұмыс беруші мекеме әртүрлі салаларда 200-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды.
Аталған игі шара жұмыс іздеп жүргендер үшін мүмкіндіктер ұсынды. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – жастар мен түлектер үшін жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту, Жастар практикасы бағдарламасымен жұмысқа орналасу, лайықты, білікті үміткерлерді тарту, жұмыс берушілермен жүзбе-жүз кездесу диалогын орнату, жұмыс табудағы кедергілерді жеңілдету және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Қала тұрғындары үшін еркін форматта өткен жәрмеңкеден мекемелер мен кәсіпорындарға сабылмай-ақ, бос жұмыс орындарын табу оңай болды. Үміткерлер түрлі мекеме өкілдерімен кездесіп, бос жұмыс орындары туралы білуге, сұрақтарын қойып, түйіндемелерін қалдыруға мүмкіндік алды. Көптеген мекемелер болашақ қызметкерлерімен шара барысында сұхбат жүргізіп үлгерді. Бұл бірден жұмыс табуға қолайлы жағдай сыйлады.
Бос орындар жәрмеңкесі жұмыс берушілер мен іздеушілер арасындағы алтын көпір болып, ынтымақтастыққа жетелейді. Ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр. Аталған шара адамдарға жаңа кәсіби жол тауып, өз әлеуеттерін іске асыруға зор ықпалын тигізді.