Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау — ел дамуының маңызды бағыттарының бірі. Табиғат пен экологияны сақтау – әрбір азаматтың азаматтық парызы. Осы мақсатта Қазақстанда жыл сайын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама – тек тазалық жұмыстары емес, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жезқазған қаласы да бұл бастамадан шет қалған жоқ. Қаланың түрлі ұйымдары, мектептері, кәсіпорындары мен тұрғындары белсенді түрде экологиялық шараларға қатысуда. Сенбіліктер өткізіліп, көшелер мен саябақтар тазаланып, ағаштар отырғызылуда. Әсіресе Балабақша мен мектеп оқушыларының, колледж студенттерінің бұл іске атсалысуы — өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.
Қала әкімдігі мен жергілікті қоғам белсенділері жыл сайын «Жасыл аймақ», «Таза аула», «Эко-бұрыш» сияқты жобаларды іске асырып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақыруда. Сонымен қатар, Жезқазған өңіріндегі өндірістік кәсіпорындар да экологияға жауапкершілікпен қарап, қалдықтарды қайта өңдеу, фильтр орнату және жасыл аумақтар санын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
Жезқазған — өндірісті қала. Сондықтан мұнда экологиялық мәселелер өзекті. Алайда соңғы жылдары қала тұрғындарының табиғатты аялауға деген көзқарасы өзгеріп, тазалық мәдениеті қалыптаса бастағаны қуантады. Бұл – бір жағынан, «Таза Қазақстан» акциясының нақты нәтижесі.
«Таза Қазақстан» — жай ғана акция емес, бұл — болашақ ұрпаққа таза табиғат, жайлы өмір қалдыру жолындағы ортақ жауапкершілік. Жезқазған қаласының тұрғындары бұл бастаманы қолдай отырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті нақты іспен дәлелдеп келеді. Таза қала — дені сау ұрпақтың кепілі. Сондықтан әрбір азамат айналасын таза ұстауға атсалысуы керек.
Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Булатов.