Ұлттық экономиканы дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде балық шаруашылығы маңызды рөл атқарады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда.
Бүгін облыс әкімдігінің мәжіліс залында Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға балық шаруашылығы саласының өкілдері және ардагерлері қатысты.
Шараға қатысушыларға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар Ұлантай Төлеутайұлы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Салтанатты жиында балық шаруашылығы қызметкерлері марапатталды. Атап айтсақ, Иманқұл Искендиров, Ермек Құрманбаев, Леонид Лутцев және Айдана Әлімханова есімді саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлер Ұлытау облысы әкімінің алғысхатын иеленді.
Қазақстанда балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні ресми түрде 2017 жылдан бері шілденің екінші жексенбісінде атап өтіледі. Кәсіби мереке сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін жүйелі шараларды іске асырып, балық өсіру кәсіпорындарын заман талабына сай қайта жаңғырту міндетін қойған болатын.
Бұл орайда осы саладағы инвестициялық ахуалды жақсартып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін «Аквашаруашылық туралы» арнайы заң қабылданды. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын құру, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету, салық жеңілдіктерін беру, инфрақұрылымды жақсарту бағытында да нақты шаралар қолға алынуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда.
Балықшы кәсібін ардақ тұтқан аға буынды және олардың жолын лайықты жалғастырып жүрген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!