Ұлытауда кедендік сараптама тақырыбында брифинг өтті

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Кеден органдары тағайындайтын кедендік сараптаманың жүргізілуі» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Ұлытау-КРО» кеден бекетінің бас маманы Байғалиева Баян Байғалиқызы сөз сөйледі.

Спикер өз баяндамасында кедендік сараптаманың мәні мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кедендік сараптама — кедендік бақылауды қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі, ол тауарлар, құжаттар мен сәйкестендіру құралдары туралы объективті және дәл ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сараптама арнайы немесе ғылыми білімдерді қажет ететін жағдайларда тағайындалады.

Баяндамашы атап өткендей, сараптаманы уәкілетті кеден органының сарапшылары немесе қажетті жағдайда сыртқы сараптамалық ұйымдар жүргізе алады. Сараптама бірнеше түрге бөлінеді: жеке, комиссиялық және кешенді сараптамалар. Бұл сарапшылардың саны мен салалық бағытына байланысты анықталады.

Сараптама жүргізудің нақты тәртібі Қазақстан Республикасының Кеден кодексімен реттеледі. Барлық материалдар ұсынылған сәттен бастап сараптама 20 жұмыс күні ішінде аяқталуы тиіс. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы немесе тоқтатылуы мүмкін.

Сараптамадан бас тарту да белгілі бір себептермен мүмкін, мысалы: құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі, сынамалардың сәйкессіздігі немесе техникалық мүмкіндіктің болмауы.

Сараптама нәтижелері кедендік рәсімдеуде міндетті құжат ретінде танылады. Егер сараптама сыртқы сарапшылардың қатысуымен жүргізілсе және заң бұзушылықтар анықталса, шығындар жауапты тұлғаның есебінен өтеледі.

Баян Байғалиқызы сондай-ақ кедендік сараптаманың қосымша және қайталама түрлеріне тоқталып өтті. Қосымша сараптама — жаңа сұрақтар туындаған жағдайда, ал қайталама сараптама — алдыңғы нәтижемен келіспеген кезде жүргізіледі.

13:29
29

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020