Тігін өндірісінің өркенді жолы

«Ютария Ltd» компаниялар Тобының негізі шағын тігін кәсіпорны ретінде 2002 жылы Жезқазғанда қаланғаны белгілі. Осы жылдар ішінде мемлекеттің және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен шағын бизнестен бастаған олар бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы танымал өндірістік-инновациялық компанияға айналды. Компания Топтарының құрылтайшысы және бас директоры Сәуле Шауенова. Ол Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының президенті, Жезқазған аймағы кәсіпкерлері мен өнеркәсіпшілері қауымдастығы басқармасының төрайымы, елімізге танымал бизнес иесі. Өндірістік-инновациялық компанияның Жезқазған өңірінің экономикасын дамытудағы орыны айтарлықтай зор.

Елбасы 2014 жылы келгенде ұжымның жұмысымен таныса келіп, жаңа заманға лайық кәсіпорын деп баға берген болатын. Компания негізінен экономика мен бизнес салалары үшін арнайы кәсіби жұмыс киімдерін тігеді. Тұрмыстық бұйымдарын да шығарады. Өндіріс жаңа заманға сай жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 миллионнан аса тігін бұйымдарын шығаруға негізделген. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында 7 мың шаршы метр, Нұр-Сұлтан қаласында 10 мың шаршы метр тігін өндірісі алаңдары бар.

Компанияда 1800 адам еңбек етеді. Осы жылдар ішінде кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысын орындап, әуелдегі шағын тігін өндірісінен үлкен компанияға айналды. Өндіріс аумағы кеңейіп, Шығыс Қазақстан облысы өңірін де қамтуда. Кәсіпорын тынысы туралы айтқанда өндіріс орындарына аса қажетті жұмыс киімдерімен қатар оның аса маңызды бағыттағы арнайы және жеке қорғаныс жабдықтарына арналған киімдерді дайындап, жасап, жүзеге асыру қызметін атап өткен жөн. Аталған өнімдер металлургиялық өндіріске, мұнай өндіру секторына, кеншілерге, энергетиктерге және теміржолшыларға қажет.

Бүгінде тігін цехы 150-ден аса киім түрлерін шығарып отыр: шахтер, құрылысшы, кенші, дәнекерлеуші костюмдері, мұнда арнайы комбинизондар, халаттар, өндірістік қолғап, және жылы курткалар дайындалады. Маманның қызметіне қарай әрбір костюм белгілі түсте тігіледі. Жұмыс киімдерін тазартып, жуып беруді де өз қолдарына алған кәсіпорын индустриальдық кір жуу кешенін іске қосты. «Ютария Ltd» бүгінде жалпы 500 түрлі тігін және тоқыма бұйымдарын шығарады. Топтың өндірістік желілерінде өнеркәсіптік және арнайы тігін машиналары қойылған.

Жабдықтардың барлығы автоматты бағдарлама бойынша басқарылады. Тігін өндірісіне қажетті суретші-модельер, тігін өндірісінің инженер-конструкторы, тігін өндірісінің инженер-технологы, пішуші, лекальшы, дизайнер, тігін өндірісінің тігінші-операторы сияқты мамандармен жеткілікті қамтасыз етілген. Мамандардың білімі тұрақты түрде жетілдіріліп отырылады. Олардың қолдарынан шыққан киімдер мен бұйымдар қазақстандық ең озық үлгі ретінде шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алады. Бүгінде Utari тауарлық белгісі бар өнімдердің сапасына еліміздің алдыңғы қатарлы тау-кен, металлургия және басқа да салалары үлкен сеніммен қарайды. Өнімдерінің басым бөлігі өздерінің басты стратегиялық серіктесі – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен оның құрылымдарына жіберіледі. Қорғаныс министрлігінің тапсырысын да орындап жүр. Компания 2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде жұмыс істейтіндерге арналған имидждік өнімдер мен волонтерларға арналған киім үлгісін де дайындады.«Ютарияның» өркенді жолы туралы айтқан кезде оның мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалана білгенін атап өткен жөн. Компания жұмысын бастаған алғашқы он жылында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы институттарының қолдауымен 3 инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Оның ішіндегі 2 жоба моноқалаларда жүзеге асырылса, екі жобасы еліміздің «Индустриаландыру картасы» мемлекеттік бағдарламасына енген болатын. Бірінші жоба — «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы 2012 жылы Жезқазған қаласындағы тігін өндірісін кеңейтіп, жаңартудың жүзеге асуы болды. Екінші жоба бойынша басты әріптес «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдық бөлімшелері орын тепкен Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Өскемен өңірлерінде Индустриалдық қызмет комбинаттары құрылды. Бұл комбинаттарда арнаулы жұмыс киімдерін күтіп ұстау мен кешенді қызмет көрсетудің түрлері жолға қойылды. Үшінші инвестициялық жоба 2013 жылы жүзеге асырылды. Бұл – компания тарихындағы аса маңызды өрлеу кезеңі деп бағалауға болады. Жоба барысында «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағының №1 Индустриалдық паркі аумағында KazTexExpo автоматттандырылған өндірістік кешен салынды. Бұл жоба да «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қаржылай қолдау арқасында атқарылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепіл болуымен қаржымен қамтамасыз етілді. Өндірістік, қойма, қызметтік және әкімшілік алаңдары екі гектар жерді алып жатыр. Қазір мұндағы өндірісте тігін және тоқыма бұйымдарының мол ассортименті шығарылуда. Оның ішінде арнаулы киімдермен қатар, ерлердің, әйелдердің және балалардың күнделікті киетін киімдері, орамал, дастархан, төсек жабдықтары сияқты текстиль бұйымдары бар.Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы «Astana Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына барып, аралап көрді. Жаңашыл өндірістің өнімдерінің сапасы мен сұранысқа сай екеніне көз жеткізіп, болашақта экспортқа шығару мүмкіндіктеріне назар аударды. «Ютария Ltd» әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін бизнес құрылымы болып табылады. Жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайларын шешуге де атсалысып отырады. 2015 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында өз еңбеккерлеріне 2 екі бөлмелік, 2 бір бөлмелік пәтер алып берсе, үстіміздегі жылы 3 отбасына пәтер кілтін тапсырды. Көпбалалы аналарға қамқорлық жасау басты орында. Компания қаладағы барлық қайырымдылық акциялар мен іс-шаралардан шет қалған емес. «Біздің үй» қызметтік жатақханасын күрделі жөндеуден өткізіп, қайрымдылық жобасын іске асырды. Өткен жылы «Жарқын ақыл. Яркие умы» білім және даму орталығын ашып, 16 жасқа дейінгі балалар ІТ-класс бағдарламасы негіздерін, роботтық техниканы тегін үйреніп, даму студиясымен айналысады. Биылғы Арыстағы төтенше жағдай кезінде де елдік істен шет қалмай, 576 мың теңгенің азық-түлік пен киім кешегін жіберсе, тағы 1 млн. теңге материалдық көмегін көрсетті.Компанияның лайықты еңбегіне орай қол жеткізген марапаттары да аз емес. Алғашқы жылдардың өзінде Қарағанды қаласында өткен аймақтық «Алтын сапа» байқауына қатысып, «Тұрғындарға ең жақсы тауар» номинациясы бойынша дипломат болды, республикалық конкурсқа қатысуға мүмкіндік алды. 2009 жылғы желтоқсанда компания «Парыз» әлеуметтік-жауапкершілік бизнесі конкурсының жеңімпазы атанды. Компанияға сенімнің артқандығы сондай, оған әлеуметтік саладағы жобалармен қатар өндірістік бағыттағы кең көлемдегі жауапты істер де сеніммен тапсырылады.

Өткен жылғы жұмысының қорытындысы бойынша өндірістік-инновациялық компания 2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер Ұлттық палатасының «Ұлы Дала Елі» номинациясы сыйлығының жеңімпазы болса, биыл «Сапа көшбасшысы-2019» жүлдесін еншілеп отыр. Өңір дамуына өз үлесін қосуды мұрат тұтқан компания заман талабына сай әлі де жұмыстарын жетілдіре отырып, жаңа биіктерден көріне бермекші.

Амандық РАХҰЛЫ

03:51
845

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020