Жезқазғанда мешіт құрылысы басталды

    Бүгін жаңа мешіттің құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті.  

     Құрылыс «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің бастамасымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының белсенді қолдауымен және Ұлытау облысы әкімдігімен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүргізілуде.   

     Аталмыш шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев, Ардагерлер кеңесінің, құрылыс компаниясының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.  

     Игі шара алдымен Ұлытау облыстық «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінің ұстазы, Абдурахман қаридың қасиетті Құран Кәрімнің аяттарын оқуынан басталды. 

     Алғы сөз Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновке берілді. 

      – Мешіттерді салу – пайғамбарлардың сүннеті. Кезінде ел басқарған хандарымыздың, сұлтандарымыздың елі үшін мешіттерді салғаны тарихтан белгілі. Осындай сауапты істі жалғастырып, жаңа мешіттің салынуына себепкер болған жандарға алғысым шексіз. Осы мешіттің салтанатты ашылуында аман-есен жүздесу нәсіп болсын. Бұл мешіт – еліміздегі 2917-ші мешіт болып есепке кірді, — деді Наурызбай Тағанұлы. 

      Одан кейін сөз кезегі Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітовке және мешіттің құрылысына жауапты «Integra Construction» ЖШС Бас директорының орынбасары Мадияр Саттыбаевқа берілді.

      Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмысы аяқталып, монолит құю жұмысы басталды. Құрылысты аяқтау мерзімі 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Қазіргі бағалау бойынша жобаның құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Жаңа мешіттің сыйымдылығы 3000 адамды құрайды. Мешіттің іргетасын қалау рәсімі аясында игі дәстүріміз бойынша Алла разылығы үшін құрбан шалынды. Әрі қарай іс-шарада қатысушылардың назарына мешіттің архитектуралық макеті ұсынылды.  

      Жоба аясында ерлер мен әйелдерге арналған бөлек залдар, дәрет алатын орындар, кітапхана, оқу сыныптары, конференц-зал, әкімшілік кабинеттер, сондай-ақ автотұрағы бар абаттандырылған аумақ қарастырылған. Мешіттің архитектуралық келбетінде ұлттық дәстүр мен заман талабы ескеріледі. Бұл рухани орталық – бірлікке, білімге, дұға мен игілікке бастайтын қасиетті орын болмақ.

       Шара соңында қонақтар құрылыс алаңына өтіп, мешіттің іргетасына капсула салды.

       «Қазақмыс» корпорациясы дәстүрлі түрде әлеуметтік инфрақұрылым мен рухани дамуды нығайтуға бағытталған бастамаларын жүзеге асырып келеді. Жезқазғанда жаңа мешіттің салынуы – компанияның өзі қызмет ететін өңірлерді дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының жалғасы.

17:11
175

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020