«Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жұмысына жүргізілген аудит қаржылық бұзушылықты анықтады.
ҚР Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті органның ақпараттық жүйелеріндегі деректерді зерттей келе заң талаптарының бұзуылуы мүмкін төлемдердің тізімін жасап, Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне «Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Сарыарқа» магистральды газ құбырының автоматты газ тарату стансасынан газ желілерін тарту жобасы бойныша жасалған төлемдерді тексеруді тапсырған.
Аталған тапсырмаға сәйкес департамент 2020 жылғы 03-18 ақпан аралығында қалалық әкімдіктің коммуналдық салаға жауапты бөлімі мен мердігер «Әлия-Сервис» ЖШС арасында жасалған 2019 жылғы 23 тамыздағы №1-036-19 шарты мен 2019 жылғы 28 қарашадағы №1 қосымша келісім бойынша атқарылған жұмыстарға жасалған төлемдердің заңдылығын тексерді. Тексеріс барысында жалпы сомасы 427 762,9 мың теңге болатын қаржылық бұзушылық анықталды.
Аудиторлар жауапты мекеме жоғарыда аталған соманы шарт талабы бойынша атқарылуы тиіс жұмысқа емес, мердігердің сатып алған құрылыс материалдары мен құралдарына төлегенін анықтаған. Ал, тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы мемлекеттік сатып алулар туралы шарт тауар сатып алуға емес, жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, құрылыс материадары мен құралдарды пайдалана отырып құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуге, яғни газ құбырын тарту үшін жасалған. Қазынадан бөлінген қаражат та соған сай төленуі керек болған. Алайда, тапсырыс беруші мердігердің іс жүзінде атқарған жұмысына емес, оның қоймасында жатқан құрылысқа қажет материалдары үшін қаржы аударған.
Аудит барысында сондай-ақ, осындай төлем жасау үшін «Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік сатып алулар туралы шарт пен қосымша келісімге де белгіленген тәртіпті бұза отырып өзгеріс енгізгені анықталды.
Тексеріс қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемеге нормативтік-құқықтық актілердің талаптары түсіндіріліп, алдағы уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төлемдерді мемлекеттік сатып алулар туралы шарт бойынша төлеу тапсырылды. Сонымен бірге, аудит нысанына анықталған кемшіліктерді жою, кінәлілердің жауапкершілігін қарастыру және сомасы 427 762,9 мың теңге болатын жұмысты қалпына келтіру жөнінде нұсқама берілді.
«Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тексеріс нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдаған жауабында мердігер тарапынан сомасы 168 645,1 мың теңгенің жұмысы атқарылғаны, қалған 241 117,8 мың теңгенің жұмысы үш ай ішінде, яғни 2020 жылғы маусым айының соңына дейін атқарылатыны айтылған.