МӘМС жүйесіне енгізілген басты өзгерістер түсіндірілді

14 шілдеде Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңға маңызды өзгерістерді бекітті. Бұл өзгерістер қазақстандықтардың медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтіп, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған. Ұлытау облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы мен Денсаулық сақтау басқармасы бұл заңның негізгі жаңалықтарын медицина қауымдастығына түсіндіріп берді. Жиынды ашқан филиал директора Әлия Байтокова басты өзгерітерге кеңінен тоқталып, тарқатып берді.

Ең басты жаңалық — бірыңғай медициналық пакетке көшу

2026 жылдан бастап елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізіледі. Бұл дегеніміз:

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС аясындағы қызметтер нақты ажыратылады.

Аурулардың ерте профилактикасы мен диагностикасы қолжетімді болады.

Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін тексеруден өту мүмкіндігі беріледі.

Мысалы, онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтер барлық азаматтарға, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, қолжетімді болмақ. Бұл — обыр ауруын ерте сатыда анықтап, тиімді ем жүргізуге зор мүмкіндік.

Жарна есептеу тәртібі өзгереді

МӘМС жүйесін қаржылық жағынан тұрақты ету үшін 2026 жылдан бастап жарна есептеу базасының жоғарғы шегі өседі. Бұрын табысы жоғары азаматтар табысына қарай көп төлейтін, енді жарнаның нақты шегі болады:

Қызметкерлер 20 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейінгі табыстан жарна төлейді. Бұл шамамен 1,7 млн теңге. Ең жоғары жарна — айына 34 мың теңгені құрайды.

Жұмыс берушілер 40 ЕТЖ-ға дейінгі табыстан төлейді. Бұл шамамен 3,4 млн теңге. Ең жоғары жарна — айына 102 мың теңге.

Осылайша, жоғары табыс тапқандар МӘМС-ке көп мөлшерде жарна төлейді. Бұған дейін ең жоғарды жарна көлемі  17 мың теңге еді.

  Халықтың әлжуаз топтарын қорғау

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне жергілікті бюджет есебінен 1 миллионға жуық табысы төмен азаматтар қосылады. Бұл:

Қазақстан халқының қосымша 5%-ын жоспарлы медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында да осы санатқа жататын 6 мыңнан астам адам медициналық көмекке қол жеткізеді.

Олар үшін жарна төлеу міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктеледі — яғни, азаматтар медициналық қызметтерді тегін ала алады.

Жеңілдікті кезең ұзартылды

Енді азаматтар соңғы бес жыл ішінде тұрақты түрде жарна төлесе, жарна уақытша тоқтатылған жағдайда 6 ай бойы сақтандырылған мәртебеде қалады. Бұрын бұл кезең тек 3 ай болатын. 

2026 жылдан бастап енгізілетін бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды мақсат етеді. Заң нормалары медициналық көмекті қаржыландыру саласында ашықтық пен есептілік тетіктерін енгізуге бағытталған.

Өз тілшіміз

16:56
137

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020