​Таза қала — өз қолымызда

    Ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында Жезқазған қаласында игі бастама жүзеге асты. Қаладағы «Жасыл ел» жасағының жастары туған қаласының тазалығына өз үлестерін қосу мақсатында экологиялық акция ұйымдастырды.

Аталған акцияның басты мақсаты — жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятып, туған өлкені аялауға баулу. Сонымен қатар, қоғамда экологиялық жауапкершілік қалыптастыру — бұл бастаманың негізгі міндеттерінің бірі.

Іс-шара барысында «Жасыл ел» жасағының мүшелері қала ішіндегі қоғамдық орындарды, саябақтарды, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоқыс жәшіктерін ретке келтірді. Жасыл желектерді суарып, ағаш түптерін әктеу жұмыстары да қатар жүргізілді. Сонымен қатар, қала тұрғындарына тазалықты сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 Акцияға 50-ден астам белсенді жас қатысты. Олар өздерінің еңбекқорлықтарымен ғана емес, табиғатқа деген шынайы жанашырлықтарымен де көпшілікке үлгі көрсетті.

Жас еріктілердің айтуынша, мұндай акциялар тек сенбілікпен шектеліп қалмауы керек.

— «Біз бұл шара арқылы тұрғындарға тазалықты бірге сақтау қажеттігін жеткізгіміз келеді. Әркім өз ауласынан, өз көшесінен бастаса — қала да, қоғам да өзгереді. Таза қала — әрбір азаматтың қолында», — дейді «Жасыл ел» жасағының белсенді жастары.

«Таза Қазақстан» — бұл бір күндік сенбілік қана емес, әрбір азаматтың саналы түрде табиғатты аялауға бағытталған ұлттық бастама. Табиғат — баршамыздың ортақ байлығымыз. Оны таза ұстау, қаланы көркейту — тек мемлекеттік мекемелердің емес, әрбір тұрғынның азаматтық борышы.

Осындай бастамаларға жастардың белсенді араласуы — ел болашағына қосылған зор үлес. Ең бастысы, бұл — жас буынның бойына табиғатқа деген жауапкершілік пен сүйіспеншілікті сіңірудің нақты көрінісі.

16:15
127

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020