Осындай атаумен Ұлытау облысы әкімдігінің бастамасымен 20-28 тамыз аралығында өңірімізде халықаралық деңгейде джип-тур ұйымдастырылады.
Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырып жатқан ауқымды шараның негізгі мақсаты – өңірде белсенді туризмді дамыту, сондай-ақ Ұлытау облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау.
Турдың ресми ашылуы 20 тамызда Жезқазған қаласындағы Алаша хан даңғылында өтті. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысып, джип-турдың мақсатымен танысып қайтты.
Экспедиция аясында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен автотуризм, мәдени, тарихи және этнографиялық бағытында жұмыс істейтін сарапшылар, блогерлер, салалық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ UNESCO-мен ынтымақтастық орнатқан мамандар қатысады. Бұл өз кезегінде өңірдің басқа елдерге танылуына және туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Аталған іс-шара өңірімізде алғаш рет өткізілгелі отыр және бұл бастама облысымыздың халықаралық аренада кеңінен танымал болуына зор үлесін қоспақ.
Экспедиция барысында облыс бойынша алғашқы интерактивті туристік нұсқаулық жасауға ерекше назар аударылады. Бұл нұсқаулық заманауи технологияларды қолдана отырып, өңірге келетін туристер үшін ыңғайлы және ақпараттық бағыттаушы құрал болады.