Аманғали Бердалин Ұлытау облысына келді

Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. Аманғали Бердалин Ұлытау облысына келді

Облыс әкімдігінің ғимаратында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин басқарма басшыларымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, шаруаларға мемлекеттік қолдау және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ең алдымен Ұлытау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимовтың «АӨК саласының көрсеткіштері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

Алмат Өмірзақұлының айтуынша, 2025 жылдың І жартыжылдық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 23,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық.

Одан кейін Ұлытау облысы ветеринария басқармасының басшысы Әбусағит Әбдікеров «Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Әбусағит Түгелбайұлы облыстағы ветеринария саласы бойынша ахуалға тоқталды.

Министрдің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин мемлекеттік қолдау шаралары, көктемгі егіс және жинау жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру туралы хабардар етті.

«Мемлекет басшысы АӨК-де ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру міндетін қойды. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 101,4%-ды құрады. Жоспарланған көрсеткіштерді орындау үшін қысқа мерзімде өндіріс көлемін ұлғайту шараларын жүзеге асыру қажет, атап айтқанда – егіс алқаптарын әртараптандыруды жандандырып, жоғары рентабельді дақылдарға көшу, сондай-ақ мал шаруашылығын белсенді түрде дамыту қажет», – деді Аманғали Бердалин.

Кездесу соңында шаруалар ауылдық аумақтарды дамыту, балық шаруашылығын дамыту, субсидиялау тетіктері, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерін көтерді.

09:41
114

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020