​Ұлытауда сүт безінің ісігі бойынша ота жасалды

2025 жылғы 18–22 тамыз күндері Ұлытау облысына Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының білікті мамандары арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты — аймақ тұрғындарына білікті онкологиялық көмек көрсету және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру.

Сапар аясында жоғары санатты дәрігер-онкомаммолог Марат Исмаилов сүт безіне секторалды резекция жасау бойынша екі ота жүргізді. Науқастар — 19 және 40 жастағы Ұлытау өңірінің тұрғындары. Олардан бұған дейін сол жақ сүт безінің фиброаденомасы анықталған болатын. 

Айта кету керек, операция алдындағы барлық дайындық — зертханалық талдаулар мен диагностикалық тексерулер, сондай-ақ хирургиялық араласудың өзі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізілді.

Пациенттер бұған дейін Қарағанды қаласындағы облыстық онкологиялық диспансерде ем алуға дайындалып жүрген еді. Алайда, мамандардың Ұлытауға келуі олардың өз туған жерінде сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік берді.

Ота сәтті өтті. 19 жастағы қыздан көлемі 6×7 см болатын, ал 40 жастағы әйелден 1,5×2,5 см ісік алынды.

Фиброаденома — бұл қатерсіз ісік болғанымен, уақытында алынбаса, қатерлі ісікке (обырға) айналу қаупі бар. Сондықтан уақытты өткізіп алмау, маммологқа дер кезінде қаралу — өте маңызды.

Бүгінде Ұлытау облысында сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулар ішінде бірінші орында тұр. Бұл дерт тек ересек әйелдерде ғана емес, жастарда да жиі кездеседі. Сондықтан, мамандар әйелдер қауымын скринингтен уақытылы өтуге шақырады. Скринингтер бүгінде мемлекет тарапынан халықтың барлық деңгейіне қолжетімді етілген.

Денсаулық — баға жетпес байлық. Уақытымен дәрігерге қаралу — өміріңізді сақтап қалудың кепілі екенін ұмытпаңыздар.

Диана ОРАЗАЛИНА

16:48
107

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020