ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді
Министр жұмыс сапары аясында бірқатар медициналық ұйымдарға барып, «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалының ғимаратында өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингке қатысты.
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында азаматтар арнайы мамандардың жетіспеушілігі, онкология орталығының тезірек ашылуы, инфрақұрылымды дамыту және оңалту көмегі мәселелерін көтерді. Министр барлық өтініштер қысқа мерзімде пысықталатынына, ал ұсыныстардың бір бөлігі ведомствоның даму жоспарында ескерілетінін айтты.
Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау өтті. Мұнда өңір тұрғындары мамандандырылған медициналық көмек алу, шетелде емделу мүмкіндігі, Қарағанды медицина университетінде студенттерді оқытуға гранттар бөлу, сондай-ақ аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу мәселелерін көтерді.
Одан кейін өткен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын ұсынды. Брифинг соңында журналистер Ақмарал Шәріпбайқызына бірқатар сауалдарын қойды.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайтуға, ауылдық жерлерде қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге, цифрлық технологияларды енгізуге және медицина кадрларын даярлауға ерекше назар аударылды.