Кеңгір жағасындағы қала

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуымының Жарлығымен 1954 жылғы 20 желтоқсанда Үлкен Жезқазған кентіне қала мәртебесі берілді. Жезқазған қаласы содан бергі 65 жылдың ішінде өсіп-өркендеу үстінде.

Жезқазғанның қаз тұрып қалыптасу кезеңі мен оның жерасты байлығын игеру жолы академик Қаныш Сәтбаев есімімен тікелей байланысты екені белгілі. «Атбасартүстімет» тресінің, Қарсақбай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, одан кейін комбинаттың бас геологы болған 1926-1941 жылдар аралығындағы болашақ ғалымның барлық еңбегі мен ізденісі Жезқазғанның мол байлығын тереңдеп зерттеуге арналды. Ағылшындардың иелігінде болып, Қазан төңкерісінен кейін істен шығып қалған Қарсақбай өндіріс орнын қалпына келтіруді кеңес өкіметі 1926 жылға қарай барынша қолға алған болатын. Екі жылдың ішінде қалпына келтірілген Қарсақбай мыс қорыту зауыты 1928 жылдың 19 қазанында кеңес заманының тұңғыш қара мысын берді. Бүгінгі еліміздің мыс алыбы «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік жолы да сол күннен бастау алады.

Ал, 1930 жылдан былайғы Жезқазған кенін игерудің өсу баспалдақтары тікелей Қаныш Имантайұлының есімімен тығыз байланысты. Жартылай шөлейт аймақтағы кешегі «құлан жортқан құла түз» аталған Жезқазғанның ұлан-байтақ жерінің астындағы қазба байлықтың қорын анықтау жолында ғұлама ғалым қаншама тер төкті. Кен қоры анықталғанымен, оны игеруге тәуекел ету де оңайға соқпады. Жолы, суы жоқ, қияндағы далаға тіршілік дүбірін әкелу үшін талай кедергілерді бұзып-жарып өтуге тура келген еді.

Мыс бұлағының қайнар көзіне айналған қаланың тарихы туралы сөз қозғағанда Кеңгір су айдынын айналып өту әсте мүмкін емес. Өнеркәсіпті Жезқазғанға тіршілік нәрін беріп отырған Кеңгір су қоймасының құдіреті күшті. Әріге көз жүгіртсек, заманында Үлкен Жезқазған өндірісін ашу, сол жердегі болашақ қаланың қазығын қағу туралы келелі іске осы өңірдегі су көзінің тапшылығы кедергі келтіріп, қазақтың аймаңдай ұлы, айтулы ғалым Қаныш Сәтбаев Кеңес одағы дөкейлерінің алдында өз ұсынысын дәлелдеп, Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын ауқымды қойманың жобасы дүниеге келген еді. Оның құрылысы 1940 жылы басталып, Ұлы Отан соғысы жылдарында тоқтап қалады. Сұрапыл соғыс жеңіспен аяқталған соң ел есін жиған кезде, 1946 жылы құрылыс жұмыстары қайтадан басталады. Атшаптырым аймақты алып жатқан аумағына 319 млн.текше метр су қорын сыйғыза алатын алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталып, 1954 жылдың көктемінде оның арнасы кемеріне дейін суға толтырылды. Сол жылдың қысында Кеңгір жағасында қанатын жая түскен жұмысшы кентіне қала мәртебесі берілді. Болашақ қаланың өркен жаюын оймен шола білген Қанекең сол кезеңде: «Бұл су қоймасы қазіргі жағдайға әбден жеткілікті, алдағы уақытта Жезқазғанға Ертіс — Қарағанды каналының суы келеді» деп, тағы бір үлкен жобаның шет жағасын жария еткен көрінеді. Әттең дүние, осы тамаша жоба қолға алынған заманда көреген ғалым, асыл азамат арамызда жоқ еді.

Қаныш Сәтбаев 1928 жылы Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы және комбинаттың бас геологы болған кездің өзінде-ақ Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасаған болатын. «Қарсақбай — Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған — Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», — деген еді көреген ғалым. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Қаныш Имантайұлының геологиялық зерттеулері мен болжамдарына тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді. Үлкен Жезқазған құрылысын бастауға, оны ұлғайтуға қарсы болғандардың бірі — Түстіметаллдар бас басқармасы басты себеп ретінде Жезқазғанды одақтық көлемдегі күретамырлармен байланыстыратын теміржолдың жоқтығын алға тартқан болатын. Бірақ, жол қатынастары Халық комиссариатының 1931 жылғы «Үлкен Жезқазған құрылысы үшін ең тиімді жоба оны салынып жатқан Қарағанды — Балқаш теміржолына қосу» деген техникалық-экономикалық сараптамасын алға тартып Қанекең де алған бетінен қайтпайды. Қаныш Имантайұлының 1934 жылы желтоқсанда Ауыр өнеркәсіп комиссары С.Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған туралы ақиқатқа көзін жеткізуі де бір үлкен әңгіме.

Жезқазғанның болашағын дәлелдеу жолында талмай күрескен Қанекең бастаған геологтар кен орнындағы мыстың қорын 1935 жылы 3 млн.тонна деп анықтаса, бұл көрсеткіштің 1938 жылы 4 млн. тоннадан асып кеткендігі жөнінде қорытындылар жасалды. Сөйтіп шалғайдағы Жезқазған мыс қорының көлемі жағынан Кеңестер одағы бойынша бірінші орынға, ал дүниежүзінде төртінші орынға шыққан соң оны мойындамасқа амал қалмады. Ақыры 1938 жылдың 10 ақпанында Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатының жаңа бұйрығымен Жезқазған комбинатының бірінші кезегін 1941 жылдың басында іске қосу міндеттелсе, жалпы комбинат құрылысы 1943 жылы аяқталуға тиіс болды. Еліміздегі түсті металлургияның алыбы атанған Жезқазған өндірісті аймағының құрылысы Қанекеңнің шапағаты арқасында осылай басталған болатын.

Бүгінгі Жезқазған қаласының іргесі 1939 жылы 3 мың халқы бар Кеңгір елді мекенінің орнына тұрғызылған. Олай аталуы Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің қосылып Кеңгірге айналатын төменгі ағысының осы жерден өтуіне байланысты. Әйтпесе, ертеде Бекболат ауылы жайлайтын бұл жер Наушабай аталған көрінеді. Кенді өңірдің кемел келешегін қапысыз болжаған Қаныш Имантайұлы отызыншы жылдардың басында-ақ бұл жерде үлкен өндірісті қала болатындығын білген ғой. Ол сол арманына жету үшін өндіріс көлемі жөніндегі деректерін талмай сараптап, тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп, болашақ қала 1941 жылы Үлкен Жезқазған кенті деп аталды. Кеңгірдің сағасы бөгеліп, айдынды су қоймасы салынды. Ақыры көптен күткен күн де жетті. Кеңгір жағасында бой көтерген жас қала қарыштап өсіп, қанаттанып жайнай түсті. Қала мәртебесін алған 1954 жылы 30 мың тұрғыны болса, Жезқазғанда қазір 96 мың адам тұрады. Сөйтіп «бұл жерде қала болады», — деген Қаныш Имантайұлының арманы өмір шындығына айналды. Мысты қала бүгінде 65 жылдық асуын атап өтуде. Түсті металлургияның орталығына айналған Жезқазған тек Қарағанды облысының ғана емес, Қазақстанның экономикалық дамуында елеулі орны бар айтулы өндірісті қала екенін ел жақсы біледі. Оның мәдени-әлеуметтік салалары да жыл сайын жаңғырып, жайнай түсуде. Білім ұялары, медициналық емдеу мекемелері, нарықтық нысандары мен халыққа қызмет көрсету орындары заман талабына сай жедел өркен жаюда. Кеңгірдің қос жағалауына қанатын жайған қаланың болашағы бұдан да жарқын болары анық.

Амандық РАХҰЛЫ 

14:22
567

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020