​Оқушылар сарайының қазығы қағылды

Бүгін шығармашылық пен білім берудің заманауи орталығы – жаңа Оқушылар сарайының қазығы қағылды.

Іс-шарада аймақ басшысы Дастан Рыспеков пен Болат Өтемұратов қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман сөз сөйледі.

–Біздің баршамыздың тілегіміз бір, арманымыз ортақ. Ол – облысымызды алдыңғы өңірлер қатарынан етуге атсалысу және оның өркендеуіне үлес қосатын азаматтар тәрбиелеп шығару. Жаңа Оқушылар сарайы – жаңа облысымыздан талай ғалым, бәсекеге қабілетті мықты мамандар тәрбиеленетін орын болады деп сенемін, — деді Дастан Адайұлы өз сөзінде.

Жобаны Ұлытау облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Архдизстрой» ЖШС әзірлеген. Құрылыстың барлық шығынын Болат Өтемұратов қоры өз мойнына алып, жобаны бастан аяқ жүргізбек.

Жаңа Оқушылар сарайы заманауи сәулеттік және білім беру стандарттарына сай болады және өсіп келе жатқан ұрпақтың қабілеті мен талантын дамытуға арналған маңызды алаңға айналады. Жоба – өңір жастарының білімді, белсенді және шығармашыл болып қалыптасуына қолдау көрсетуді мақсат етеді.

Айта кетсек, 2025 жылдың мамыр айында Ұлытау облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры Жезқазған қаласының жаңа Батыс ауданында заманауи Оқушылар сарайын салуды көздейтін өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын.

13:59
123

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020