Бүгін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова дәстүрлі садақ атудан өткен Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өткізіп, оларды марапаттады.
Жиын барысында әкім орынбасары облыстағы ұлттық спорт түрлеріне барынша қолдаулардың болатынын атап өтті. Сонымен қатар дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бірқатар жобаларды қарастырды.
Ұлттық спорт түрі – дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты 19-20 тамыз күндері Ақтау қаласында өтті.
Зина Жұманазарқызы осы чемпионаттан оралған садақшыларға алғыс білдіріп, алтынмен апталып, күміспен күптеліп, қоланы қоржынға салған 3 спортшы мен олардың бапкерлеріне ынталандыру қаражаты сертификатын табыс етті.
Алтын медаль иесі Айша Аршабекова — 1 000 000 тг, күміс медаль иеленген Жансұлтан Марат – 700 000 тг, қола жүлдегер Ханифа Қалманбай – 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл тұрғыда бапкерлер де марапатсыз қалмады. Жаттықтырушы Сағынғали Бекетаев – 500 000 тг, Ғалымжан Қалманбай – 250 000 теңге ынталандыру қаражаты сертификатын иеленді.
Көшпенді ата-бабамыздың салт-дәстүрі жаңғырып, ұлттық спорт түрлері дамып, ұлттық рухымыз көтеріле берсін!