Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай Алтын Орданың 750 жылдығына орай Жошы хан кесенесінің жанынан тарихи-мәдени орталық құрылысы басталғаны белгілі. Тарихи-мәдени кешенде Ұлық ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханның тарихи бейнесін ашатын мүсіндік-көркемдік ескерткіш орнату жоспарланған.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстары жөніндегі комиссияның хаттамасы негізінде кесене жанына Жошы хан ескерткішін орнатуға рұқсат алынып, ескерткіштің үздік жобасын анықтау мақсатында республикалық ашық конкурс жарияланды. Конкурсқа 6 жоба ұсынылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арнайы комиссиясының хаттамасына сай жоғары көркемдік деңгейде орындалған Қазақстан суретшілер одағының мүшемі Ғазиз Ешкеновтің жобасы үздік деп танылды. Қола мен граниттен құйылатын ескерткіштің биіктігі 3,2 метр, ал тұғыры 1,5 метр болады.