Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды.
Баршаңызға құтты болсын деймін.
Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы.
Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес.
Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды».
Президент:
«Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни, Конституция қабылданды. Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты.
Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлем қауымдастығының белді мүшесі атанды. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Отыз жылда түрлі себепке байланысты Ата заңға 6 рет түзету енгізілді.
Бірақ ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды.
Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек қана референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым».
Президент:
«Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек.
Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек.
Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, Заң мен тәртіп қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет.
Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді.
Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуге тиіс».
Мемлекет басшысы:
«Ұлт заңы – Конституциямыздың жасампаздық күші зор. Өйткені Ата Заңның әр бабында барша азаматтарымызға ортақ құндылықтар мен біртұтас халқымыздың мақсат-мүддесі бар.
Конституциялық, саяси, экономикалық реформалардың, халқымыздың орасан зор күш-қуаты мен әлеуетінің, сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет саласына салынған ауқымды инвестициялардың арқасында елімізде шын мәнінде жақсы өзгерістер жасалып жатыр. Жақсыны жақсы деп айту керек. Бұл да әділеттілік көрінісі.
Оқушыларымыз бен студенттеріміз беделді халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр. Спортшыларымыз әлемдік сайыстарда жеңімпаз болып, еліміздің мерейін асыруда.
Алдына нақты мақсат қойған азаматтарымыздың бәрі білім, ғылым, өнер, бизнес және басқа да көптеген салада табысқа жетуде.
Қазақстан халықаралық қауымдастыққа ашық мемлекет, бізде ғаламтор еркіндігі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Елімізде бірде-бір желінің негізгі арнасы жабылған жоқ, барлық азаматтарға әлемдік жаңалықтардың көздеріне жол ашық.
Біздің азаматтарымыз шетелге еркін барып тұрады. Ал жастарымыз өздері таңдаған университеттерде білім алуда, оларға ешқандай тосқауыл, кедергі жоқ. Осындай мемлекеттік саясат өз жалғасын табады.
Көптеген елдің жастары бізді болашағы жарқын мемлекет ретінде таниды, Қазақстанға келгісі келеді, келіп те жатыр.
Еліміздің мақсаты – айқын, келешегі – зор. Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел игілігіне қолданатын озық мемлекет боламыз деп белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз».
Президент:
«Қазір Қазақстанның барлық аймағында мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделуде. Әуежайлар мен көпірлер бой көтеріп, су нысандарының құрылысы басталып жатыр. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және басқа да маңызды инфрақұрылым салынуда.
Жалпы Үкіметке инфрақұрылымдық құрылыстың сапасына баса мән беру қажет деген қатаң нұсқау берілді. Бұл мәселе Үкіметтің және құқық қорғау мекемелерінің бақылауында болады.
Елімізде жыл сайын көптеген өндіріс орындары ашылатын болды. Әсіресе, жоғары технология саласындағы кәсіпорындар іске қосылуда. Осылайша, біз ұлттық экономикамыздың мықты индустриялық негізін қалап жатырмыз. Инвестиция тартып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, аймақтарды қолдау үшін жүйелі жұмыс істелуде. Соның нәтижесінде биылғы жеті айдағы экономикалық өсім 6 пайыздан асты.
Мұның бәрі аяқ астынан пайда болған жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің және табанды түрде жасалған түбегейлі реформалардың нәтижесі. Жүйелі және үйлесімді жұмыс пен берекелі бірліктің арқасында еліміз жаңа кезеңге қадам басты.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан біртіндеп дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Енді бос сөзге берілмей, жан-жақты өркендеуге бастайтын осы бағдарымыздан айнымай, тек қана алға ұмтылуымыз керек. Сонда біз озық ойлы ұлт болып, теңдессіз табысқа қол жеткіземіз, биік белестерді бағындырамыз».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Біз бәріміз төл тарихымызға қазақтың қайта жаңғыру дәуірінің өкілі ретінде енуге тиіспіз. Себебі бәріміз бір дәуірде өмір сүреміз, еліміздің болашағына бірге жауаптымыз.
Біздің ұрпақ міндетті түрде үлкен жетістікке куә болып, табысқа жетуі керек. Балаларымыз бен немерелерімізге дамыған, өркениетті, құқықтық ел қалдыруымыз қажет. Бұл – біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз қазір Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық идеология.
Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ елінің қастерлі төлқұжаты – Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалады. Бұл – баршаға ортақ міндет.
Бәріңізге мәлім, мен 8 қыркүйекте халыққа Жолдауымды жариялаймын. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы маңызды мақсат-міндеттерді айқындаймын».
t.me/aqorda_resmi