Қазақстан Президентінің Қытайға жасаған сапары аясында стратегиялық келісімдерге қол қойылды.
Қытай астанасында екі елдің экономикалық ынтымақтастығындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VIII отырысы өтті. Шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары барысында ұйымдастырылды және екі ел арасындағы ірі инвестициялық әрі технологиялық жобаларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Отырыс барысында Қазақстанның ең ірі тау-металлургия компаниясы – «Qarmet» АҚ технологиялық серпіліске қадам жасап, Қытайдың жетекші инжинирингтік компанияларымен – Sinosteel Equipment & Engineering Co, WISDRI Engineering & Research Incorporation Limited, Cisdi Engineering Co және Capital Engineering & Research Incorporation Limited (CERI) жаңа жобаларды іске асыру бойынша ұзақ мерзімді әрі кешенді ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойды. Бұл корпорациялар жаһандық металлургиялық инжиниринг нарығының көшбасшылары саналады, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп, бүкіл әлемде жоғары технологиялық өндірістер құрып келеді.
Әрбір серіктестің тәжірибесі зор әрі беделі жоғары. Sinosteel – жүздеген ірі металлургиялық кешендерді жүзеге асырған халықаралық ірі мердігер. WISDRI, өткен ғасырдың ортасында құрылған, Қытайдағы жетекші жобалау институттарының бірі болып саналады, инновациялық R&D-орталықтары және энергия үнемдеу шешімдерімен танымал. CISDI отыздан астам елде табысты жұмыс істеп, ең күрделі технологиялық жобаларды енгізіп жүр. Ал CERI – 70 жылдан астам тарихы бар әйгілі компания, сутекті металлургия саласының пионері. Олар алғаш рет әлемде көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына жүздеген мың тоннаға азайтуға мүмкіндік беретін технологияны енгізген.
Бұл серіктестермен бірге Qarmet Қазақстанның металлургия картасын өзгертетін жобаларды жүзеге асыруға кірісті: құю-прокат кешенінің құрылысы, жаңа сортаментті прокат цехының ашылуы, инновациялық шойын құю машиналарының енгізілуі, премиум өнім шығару үшін мырыштау және полимерлік қаптау желісінің іске қосылуы. Сондай-ақ көмірхимиядағы терең қайта өңдеу технологиялары, экологиялық әсерді азайту үшін биохимиялық тазарту жүйесі, ресурстарды ұтымды пайдалану мақсатындағы регенерациялау химиялық қондырғылар блогы енгізіледі.
Бұл бастамалар Қазақстандағы металлургиялық өндірісті барынша заманауи, экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті етеді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл – саланың тарихындағы ең ауқымды жаңғырту болып, Қазақстанға жоғары технологиялы металл өнімдерінің жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялануға жол ашады.
Qarmet компаниясының хабарлауынша: «Әлемдік инжиниринг көшбасшыларымен ынтымақтастық компания үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады. Бұл жай ғана жаңғырту емес – бұл Қазақстанды өңірдегі ең технологиялық және экологиялық металлургия алаңдарының біріне айналдыратын ауқымды трансформация».
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Qarmet экспортты ұлғайтуға, ESG-стандарттарды енгізуге және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға негіз болатын ауқымды жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруда.