​Жасанды интеллект пен жасыл энергетика — Тоқаев Қытайда қандай келісімдерге қол жеткізді

Қазақстан Президенті ҚХР-дың ірі өнеркәсіптік компанияларының басшыларын қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарын жалғастыруда. Бейжіңде ол Қытай компанияларының басшыларымен кездесіп, олардың Қазақстанда жобаларын ашу және дамыту жоспарын талқылады. China Energy Engineering Group компаниясының төрағасы Ни Чжэнмен электр желілерін жаңғырту және кеңейту, деректер орталығын салу, сондай-ақ қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы жөнінде әңгімелесті. Компания Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын тұрақты ток желілерін салу жобасын бастады, сонымен бірге жаңартылатын энергетика саласында бірқатар жобаларды қарастыруда, деп хабарлайды Sputnik.

Қазақстан Президенті Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнді ҚХР ядролық өнеркәсібінің 70 жылдығымен құттықтады. Тоқаев компанияның алдыңғы қатарлы технологиялары бар үлкен тәжірибесін атап өтіп, оның Қазақстандағы екінші атом электр станциясының құрылысына қатысу мүмкіндігін ерекше айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы теміржол машина жасау саласында маманданған CRRC компаниясының басшысын қабылдады. Тоқаев 2023 жылғы қазандағы Қытай сапарынан кейін CRRC-пен ынтымақтастық жаңа деңгейге шыққанын еске салды. Ол кезде ҚТЖ үшін 100 магистральдық және 100 маневрлік тепловоз жеткізу жөнінде келісім жасалған болатын. Алдағы уақытта ұлттық тасымалдаушы тағы 270 гибридті маневрлік тепловоз сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Тоқаев Қазақстан Қытайдың жасанды интеллект саласында жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру бастамасын қолдайтынын мәлімдеген. Сарапшылардың болжамынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетіп, әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30%-ға дейін өседі.

Бейжіңде сөйлеген сөзінде Президент 2025 жылы Қазақстанда өңірдегі алғашқы суперкомпьютер іске қосылатынын және AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылатынын жеткізді.

«Біз ерекше көңілді жаңа Alatau City қаласын салу жобасына бөліп отырмыз. Ол инновациялар, криптоиндустрия және технологиялық кәсіпкерлік дамуының ірі ұлттық және өңірлік орталығына айналуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан қытайлық компаниялармен тығыз ынтымақтастыққа үміт артады», — деді Мемлекет басшысы.

Жақын уақытта Alatau City дербес экожүйе мәртебесіне ие болады.

Сондай-ақ онлайн-режимде Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге Жамбыл облысында жел энергетикасына арналған компоненттер шығаратын алғашқы зауыттың ашылуына қатысты.

Зауыт Шу қаласындағы «Жібек жолы» АЭА аумағында салынған. Бұл — Қазақстандағы тұңғыш осындай нысан. Жоба «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен әлемдік көшбасшы SANY Renewable Energy компаниясының серіктестігі аясында іске асырылды. Зауытта өндірілген жабдықтар елдегі жаңа ЖЭК жобалары үшін пайдаланылатын болады. Бұл қадам импортқа тәуелділікті азайтып, өндірісті жергіліктендіруге жол ашады.

Еске салайық, 10 қазанда Алматыда PROFIT Infrastructure Day конференциясы өтеді, ол смарт-инфрақұрылым тақырыбына — кеңседен мемлекетке дейін — арналмақ.

17:14
51

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020