Тиімді шаралардың бірі – қолжетімді шикізатты ұсыну мақсатында ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету. Биыл тау-кен металлургия кешенінің ірі компанияларымен 147 млрд теңгеден астам сомаға 513 ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп.
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға көп көңіл бөлінеді. Ол үшін сатып алудың ашықтығы мен мониторингін қамтамасыз ететін сатып алу жүйесі іске қосылады. Жалпы 2029 жылға дейін тауарларға қажеттілік әлеуеті 2 трлн теңгеден асады.
Кәсіпорындарды инфрақұрылымға кең қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдірілуде. Елде 16 арнайы экономикалық және 55 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларды дамыту – жаңа өндірістерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі. Аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі және жобаларды іске асыру үшін бизнеске беріледі.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бастамаларды қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру құралы іске қосылды, онда жеңілдікті бағамен дайын өнеркәсіптік алаңдар жалға берілетін болады. Мұндай аймақтар сегіз өңірде салынуда, 90-ға жуық жобаны іске қосу және 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда», — деді Олжас Сапарбеков.