​ҚЫРЫҚ КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ҚАРСЫЛЫҚ

1931 жылы құрылған Лагерьлер Бас Басқармасына (ГУЛаг) қарасты «Степлаг» бөлімі Қазақстандағы ғана емес, тұтастай Кеңестер одағындағы ірі өндіріс орталығы саналған Жезқазған қаласында болғаны белгілі. Сол «Степлагтың» тұтқындарының қырық күнге созылған көтерілісіне биыл алпыс алты жыл толып отыр.

Жезқазған қаласы мен кен-металлургия комбинатының құрылысы 1936 жылы басталды. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасындағы бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер министрлігінің аса ірі еңбекпен түзеу лагері орналасты. «Халық жауларына» арналған ерекше лагерьдің басты міндеті –Жезқазған мен комбинатта тез арада салып бітіру еді. Үлкен Жезқазғанның жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан барлық объектілері НКВД-ның қарауына беріліп «Жезқазған еңбекпен түзеу лагері және ГКВД комбинаты» деп, ал, осындағы құрылыс алаңы «НКВД-ның Кеңгір құрылыс ауданы» деп аталды. Өнеркәсіп және құрылыс объектілерінде 7 мыңнан астам тұтқындар жұмыс істеді. Бірінші кезекте Кеңгір су қоймасының бөгені мен жылу электр орталығы салынды және ұзындығы 400 шақырымдық Жарық станциясынан Кеңгірге дейінгі теміржол тармағы тартылды. Құрылыс ауқымы кеңейген сайын тұтқындар саны да арта түсті.

1948 жылдан бастап Жезқазған «Степлагтың» орталығына айналды. Оның бөлімшелері Байқоңырда, Қарсақбайда, Жездіде, Қорғасында, Кеңгірде және Жезқазған қаласыныңөзінде болды. Бұл лагерь неміс концлагерінің принципі бойынша құрылды. Лагердің бұрынғы тұтқыны Р. Ахметов: «Біз фашистік концлагердегідей тұрдық. Әр тұтқынға шифр-нөмір беріліп, ешқашан аты-жөні айтылмайтын, тек нөмірімен ғана шақырылатын» деп еске алды.

1948 жылғы мәліметтер бойынша, Степлаг тұтқындарының саны 5713 адам болса, 1950 жылы -27 855 адам, 1952 жылы -23 089 адам, 1954 жылы -21090 адам, 1956 жылы – 7603 адам болды. Олардың арасында кеңестік қана емес, Азия мен Европаның азаматтарынан құралған 34 ұлттың өкілі болды. Олардың арасында 9596 украин, 2690 литван, 2661 орыс, 1074 латыш, 878 белорус, 73 эстон, 379 поляк, 359 неміс, 291 қазақ, 208 молдаван, 204 өзбек, 174 еврей, 154 армян, 82 грузин, 127 татар, 124 шешен, 108 әзірбайжан және фин, карел, румын, грек, түрік, иран, ауған, қытай, корей, жапон, монгол сияқты шетелдіктер де болды.

Тұтқындардың тұрмысы адам айтқысыз ауыр, тозақтағыдай төзгісіз болды. Лагерь басшылығы мен қызметкерлері ойына келген оңбағандықтарын жасап, заңсыздықтарға барды. Себепсізден себепсіз тұтқындарға оқ атып жаралау, өлтіру оқиғалары жиі орын ала бастады. Тұтқындар құқығы аяққа тапталды. Сондықтан, 1954 жылдың 16 мамырында үшінші лагерлік бөлімде көтеріліс бұрқ етті. Ол бүкіл ГУЛаг жүйесін дүр сілкіндірді.

«Степлагтың» алты бөлімінің ішіндегі ең ірісі – 3-ші лагерлік бөлімде 5597 тұтқын, оның 3180-і еркек, 2273-і әйел болды. 1954 жылдың 16 мамыр күні «Степлагтың» осы үшінші бөлімінде жаппай бағынбаушылық басталды. Оған екі ерлер мен мен бір әйел тұтқындар орналасқан лагерлік пункттер қатысты. Олардың арасын бұзып тұрған кесектен жасалған қабырғаларды көтерілісшілер бұзып, шаруашылық қоймалары тұрған бөлікке де жол ашып, лагерь басшылығы мен қызметші-күзетшілерін ығыстырып шығарды. Лагерь басшылығы тәртіп бұзушыларды өз зоналарына қарай ығыстыру мақсатында автоматшыларды енгізді. Бірақ көтерілісшілер оларға тас, басқа да заттар лақтырып бағынбады. Солдаттар оқ атып 13 тұтқын өліп, 43-і жараланды. Лагерь қызметкерлерінен оншақтысы жеңіл жарақаттанды. Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасынан қару қолданбау туралы өкім келді де, лагерь басшылығы көтерілісшілермен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.

Осылайша қырық күнге созылған көтерілісті Мәскеудегі жоғарғы билік басындағылардың тікелей рұқсат етуімен тұрақты армия әскерін, техникаларын әкеліп, қарулы күш қолдана отырып басты. Ақыры танкілер, өрт сөндіру машиналары мен армиялық әскерлер 26 маусым күні таңғы 3 сағат 30 минутта лагерьге басып кірді. Сөйтіп, қанды қырғын салып көтерілісті аяусыз басып жаншыды. Кеңгір өндірістік-жоспарлау бөлімінің мәліметінше, 700-ден астамы өліп, жарақаттанған. Тірі қалған көтерілісшілер қайтадан тұтқындалып, ату жазасынан бастап түрлі жазаларға кесілді.

Осылайша, Жезқазған жерінде болған еңбекпен түзеу лагерьлерінде жазасын өтеп жүрген тұтқындардың одақ көлеміндегі жақсы ұйымдасқан, сауатты талап қоя білген ірі көтеріліс жеңіліске ұшырады. Бірақ ол көтеріліс өкіметті кеңестік жүйедегі тұтқындар мен сотталғандарды ұстау режиміне көптеген өзгерістер жеңілдіктер жасауға мәжбүр етуге мұрындық болды. Кеңгір өзені жағасындағы «Степлагтың» тұтқындарының үкіметтің түрме жүйесіндегі тәртібіне қарсылығы биліктің байтақ кеңестік территориядағы жүздеген алуан түрлі, ірілі-ұсақты түрмелердегі тұтқындарды ұстау ережелерін қайта қарап, көптеген гумандық шараларға баруына түрткі болған тарихи маңызы зор оқиға болды. Кеңгірдегі осы көтерілістен кейін бүкіл ГУЛаг системасындағы каторгалық, концлагерлік принциптерге құрылған ерекше лагерлер жойылды.

Ерекше лагерь деп танылған Степлагтың бүгінде бөлімшелерінің қабырғалары, асхана бөліктері сақталған. Қазіргі таңда осы орында зерттеу ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бейбіт күннің бағасының көрсеткішіне айналған осы оқиғаны болашақ ұрпақ біліп жүруі үшін жылда қала мектептерінің оқушылары мен студенттеріне экскурсия жүргізіледі. Келешекте осы тарихи оқиғаның орны ашық аспан астындағы музейге айналады деген үміттеміз.

Рабиға ЕГЕШОВА,

Жезқазған тарихи-археологиялық музейі экскурсия-бұқаралық

бөлімінің басшысы

17:57
828

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020