Бүгін Ұлытау облысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті қазақ режиссері Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
									
									
										Фестивальдің құрметті қонағы – Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, сондай-ақ Жанат Хаджиевтің жұбайы Рашида ханым болды.
									
									
										Бұл – Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының бастамасымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған өнер мерекесі.
									
									
										Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қонақтар мен қатысушыларды құттықтап, фестивальдің өңірдің мәдени өміріндегі маңыздылығын атап өтті:
									
									
										– Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі. Осы қасиетті мекенде өтіп жатқан өнер мерекесі шығармашылық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтеді деп сенемін. Фестивальге қатысушыларға табыс, ал көрермендерге жарқын әсер тілеймін, – деді аймақ басшысы.
									
									
										Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы күндері еліміздің бірқатар театрлары мен Ресей, Қырғызстан елдерінің өнер ұжымдары өз қойылымдарын ұсынып, бақ сынайды.