Жезқазған қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза қала» атты кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланы қоқыстан тазартып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болды.
Акцияға қала тұрғындары, еріктілер, мекеме қызметкерлері мен жастар ұйымдары белсене атсалысты. Қатысушылар шағын аудандарды, көшелер мен саябақтарды тазалап, күл-қоқысты жинап, аумақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар, кейбір аймақтарда ағаш отырғызылып, абаттандыру жұмыстары да жүргізілді.
Ұйымдастырушылар тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Бұл бастамаға қолдау білдірген жезқазғандықтар қала тазалығына бей-жай қарамайтындарын көрсетті.
«Таза қала – таза болашақтың кепілі» деген ұранмен өткен бұл акция алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Жезқазған қаласының тұрғындары табиғатты аялау – әр азаматтың борышы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.