Қай дәуірде болсын, елдің еңсесін тіктейтін де, мемлекеттің мәртебесін өсіретін де – қарапайым еңбек адамы. Қоғам алға басса, оның артында маңдай терін төккен мыңдаған адамдардың тағдыры, күнделікті күресі, үнсіз ерлігі тұрады.
Бүгінгі күннің шын батырын іздесек, олар – шалғайдағы ауылда таңмен таласа тұрып, егістікке бет алған дихан, ауыр науқастардың жанын аман сақтап қалуға тырысқан дәрігер, мектептің іргесін ұстап тұрған ұстаз, зауытта, шахтада, құрылыс алаңында тер төгіп жүрген жұмысшы. Олар үшін мадақ сөз де, мінбер де керек емес – оларға ең керегі: қоғамның шынайы құрметі.
Қазақ халқы ежелден еңбек адамын ерекше қадірлеген. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбек түбі – береке», «Адал еңбек – ардың ісі» деген аталы сөздер – халқымыздың еңбекке деген көзқарасының айқын айғағы. Кеңес дәуірінде «Еңбек Ері» атағы ең жоғарғы марапат саналса, Тәуелсіздік алғаннан кейін де елдің өркендеуі сол қарапайым еңбек адамдарының арқасында екені талай мәрте дәлелденді.
Бүгінде еліміздің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан мыңдаған еңбек адамы – ел экономикасының, әлеуметтік тұрақтылықтың, ұлт болашағының тірегі. Олар көзге көрінбейтін еңбек майданында күн сайын тер төгіп жүр. Солардың арқасында балалар мектепке барады, үйлер жылынады, егіс басы өнім береді, науқас жазылады, қала салынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еңбек адамының қоғамдағы орнын нақты атап көрсетіп келеді. Ол:
«Еңбек адамына құрмет – бұл біздің ұлт ретіндегі мәдениетіміздің көрінісі. Еңбек адамын ұлықтау – жаңа Қазақстанның басты қағидаты болуы тиіс», – деп атап өтті.
Бұл – жай сөз емес. Бұл – жаңа дәуірдің сұранысы. Бұл – болашағымыздың бағдары. Себебі жастар кімге қарап бой түзейді? Ерінбей еңбек еткен адамға, елге пайдасын тигізген жанға қарап өседі.
Қазіргідей өзгермелі заманда кез келген жетістікке апарар тура жол – тек адал еңбек пен табандылық. Білім де, табыс та, мансап та – бәрі терең еңбекпен келеді. Сондықтан да бүгінгі қоғамға еңбек адамын дәріптеу, оларды үлгі ету – рухани жаңғырудың маңызды тетіктерінің бірі.
Еңбек адамы – бүгінгінің көрінбейтін қаһарманы. Олар туралы дабырламай айтамыз, бірақ жүрегімізбен сеземіз. Сол себепті нағыз еңбек иесін тек кәсібіне қарап емес, ішкі жан дүниесіне қарап бағалауымыз қажет. Адал еңбекпен ұлтқа қызмет етіп жүрген әрбір азамат – ел рухын көтеріп тұрған шын кейіпкер.
Қоғамның жүрегі еңбекпен соққанда ғана мемлекет алға басады. Ендеше, сол жүректі соқтырып тұрған жандарға әрдайым тағзым етейік!