Қазіргі таңда экология мәселесі – жаһандық деңгейде өзекті тақырыптардың бірі. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны ластанудан сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Осы орайда елімізде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы зор.
«Таза Қазақстан» – бұл тек сенбілік не қоқыс жинау шарасы ғана емес, бұл қоғамға экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру, әр адамның жеке жауапкершілігін оятуға бағытталған кең ауқымды қозғалыс.
Акция аясында елді мекендерде, саябақтарда, өзен-көлдердің маңында, жол жиектерінде санитарлық-тазарту жұмыстары жүргізіледі. Мекемелер, оқу орындары, еріктілер мен жергілікті тұрғындар бірігіп, туған жердің тазалығы үшін жұмыла еңбек етеді. Бұл шаралардың нәтижесінде тек қана аумақ тазарып қана қоймай, адамдардың табиғатқа деген көзқарасы өзгереді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
«Таза экология – ұлт денсаулығының негізі. Бұл – баршамызға ортақ міндет», – деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бұл бастаманы қолдауы – «Таза Қазақстан» акциясының маңызын арттыра түсті.
Сонымен қатар, бұл акция жастарды тәрбиелеуде ерекше рөл атқарады. Оларға қоршаған ортаға бей-жай қарамай, табиғатпен үндестік орнатуды үйретеді. Жас ұрпақ туған жерін қадірлеп, таза ұстауға үйренсе, еліміздің болашағы да жарқын болмақ.