Кітап – таусылмас рухани қазынаның негізі және бастауында тұрған кәусар бұлағы. Бұл дәуірді қойып, өткен замандардағы құндылықтарымыз, ұлтымыздың болмыс-бітімі, халқымыздың сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы осы кітап арқылы бізге жетіп отырғаны рас. Қоғамды кітаптың ғажайып әлеміне тарту мақсатында Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасы «KitapTime – 2025» кітап фестивалін өткізді.
Фестивальдің шымылдығы Жезқазған музыкалық колледжінің 4-курс студенті Батыржан Ілиясовтың атақты Құрманғазының «Байжұма» күйін орындауымен түрілді. Кітапхана оқырмандары А.Байтұрсынұлы,Ш.Бейсенгожанованың өлеңдерін музыка ырғағына салып оқыды.
Кітап фестивалінің алғашқы құттықтау сөз кезегі Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Мукажановқа берілді.
– Бұл фестивальдің ерекшелігі – еліміз бойынша фестивальдің барлық кітапханаларда бір уақытта өтуінде. Кітап – адамзат өркениетінің асыл қазынасы, рухани байлығымыздың қайнар бұлағы. Ол – білім мен тәрбиенің, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас арнасы. Мерекенің мәні – өскелең ұрпақты кітапты құрметтеуге, оқуға баулу, халыққа рухани азық сыйлаған ұлы еңбектерді дәріптеу, — деді Медет Файзрахманұлы өзінің жүрекжарды лебізінде.
«Жаңа кітап – Жаңа әлем», «Оқылған кітап – көрілген фильм», «Бір ел – бір кітап» және «Кітап – әлеміне саяхат» кітап көрмелері, «Тігін өнері – талғам мен төзім сыры» ателье көрмесі, «Креатив. Қолдар» сыр-сұхбат сынды бірнеше бөлімнен тұрған фестиваль қатысушылар назарын бірден аударып, қызықты мәліметтерді ұсынды.
Осынау кітаптың құдіреттілігін мойындап, кітапты насихаттап, оқырман мен кітап арасын байланыстыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен жалпы республикалық «KitapTime» кітап фестивалі өткізіліп келеді. Уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі саналатын кітап мерекесіне орай өткен «KitapTime – 2025» кітап фестиваліне қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды. Өз кезегінде кітапхана қызметкерлері де бұл мақсатта жемісті жобаларды қолға алып, дәстүрлі түрде жалғастыра беретінін жеткізді.
Айта кетсек, 2025 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында екі автордың шығармалары таңдалды: Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды; Поэзия жанры бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, 2025 жылы 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.
Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «Кітап» деген құдіреттен тапты. Фестиваль соңында қатысушы оқушыларға және жетекшілеріне кітапхана басшылығы атынан алғыс хат табысталды.