«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруға биыл 1 трлн теңге бөлген Үкімет еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік-мәдени нысандар мен инфрақұрлымның жағдайын жақсартуды көздеді. Аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Жезқазғанда да бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бүгіннің өзінде бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған 550 жұмыссыз жезқазғандықтың 152-сі екі қолға бір күрек тауып, айына 85 мың теңгеден кем емес табыс тауып отыр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан нысандардың тағы бірі – Жезқазған тарихи-археологиялық музейі. Оның ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық қазынадан 11 155, 2 мың теңге қарастырылды. Бүгінде медігер «Жаңа құрылыс-2012» ЖШС төрт жұмыскері жоспарланған жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
–Жезқазған тарихи-археологиялық музей төбесінің оң жағын ауыстырып, көрме залы мен музей ғимаратының алдындағы ескірген тастөсемелерді жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге музейдің есіктері де жаңадан орнатылады. Қыркүйекте аяқталатын жөндеу жұмыстарына төрт жұмысшы, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы екі жұмыскер жұмылдырылды, – деді мердігер компанияның басшысы Елдос Үкібаев.