Бүгін «Кеңгір» шипажайының ғимаратында «Жошы хан және Алтын Орда: Тарих, мұра және Ұлы дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференциясының бірінші бөлімі өтті.
Конференцияда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков және Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті (Әзербайжан, Баку) Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөз сөйледі.
Конференцияның мақсаты – Жошы хан мұрасын және Алтын Орда тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу болып табылады. Сонымен қатар тарих, фольклор, өнертану салаларындағы зерттеу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу, Ұлытау өңірінің мәдениетінде сақталған түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды айқындау және олардың қазіргі қоғамдағы маңызын ашып көрсету.
Бүгінгі іс-шараның мәні ерекше. Бұл жиында айтылатын ғылыми ойлар мен пікірлер: тарихымызды терең түсінуге, жаңа зерттеулерге бастау болады, өткен тарихымызды жаңаша қырынан зерделеуге, әлем туристерінің назарын аудартып, туризмнің дамуына серпін береді.
Айта кетейік, бұған ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия республикаларынан, сондай-ақ Ресей, Венгрия, Башқұртстаннан түркі әлемінің халықаралық ғылыми-зерттеу институттары мен тарихи-мәдени орталықтарының ғалымдары, археология және реставрация салаларының мамандары қатысуда.
Іс-шара аясында екі секция жұмыс істейді.
Бірінші секцияда бүгін Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі түркі халықтарының тарихы, қазақ мемлекеттілігінің бастаулары, халықаралық қатынастар мен мәдени ықпалдастық мәселелері қарастырылды.
Екінші секцияда ертең XIII-XIV ғасырлардағы түркі халықтарының ортақ музыкалық-фольклорлық дәстүрлері, эпикалық жырлар мен күй өнерінің дамуы талданады. Сонымен қатар, Кетбұқа бидің тарихи-мәдени мұрасы және оның түркілік музыкалық дәстүрлерді қалыптастырудағы рөлі жан-жақты зерттелетін болады.