Қазақстандағы атом энергетикасы

Қазақстан алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуды жоспарлап отыр. Көп жылға созылған талқылаудан кейін, 2024 жылы өткен референдумда түпкілікті шешім қабылданды. Үкіметтің мәлімдеуінше, бастаманы ел халқының 70%-дан астамы қолдаған. Елдегі атом энергетикасын дамыту аясында үш АЭС салынбақ. Олардың бірін 400-ден астам ядролық жобаны іске асырған Ресейдің мемлекеттік «Росатом» компаниясымен бірлесіп қолға алмақ. Қалған екі станцияны қытайлық корпорация салады.

2025 жылдың ақпан айында үкімет алғашқы АЭС Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында салынатынын ресми хабарлады. Ауылдың аумағы 2,17 шаршы шақырым, екі мыңға жуық тұрғыны бар. Орталық Азиядағы ең ірі көлдің бірі, көлемі бойынша әлемде он бесінші орында тұрған Балқаш көлінің жағасында қоныс тепкен. Бұл аймақ Қазақстанның орталық-шығысында, климаты құрғақ бөлігінде орналасқан.

Балқаштың экологиялық жағдайы қазірдің өзінде мәз емес. Көлдің батыс бөлігіндегі негізгі су көзі — Іле өзені, жалпы су көлемінің 80–90%-ы Іледен келеді. McKinsey консалтинг компаниясы Балқашты басты зерттеу нысаны ретінде атап, 2030 жылға қарай көлдегі су тапшылығы 1,9 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген болжам жасады. Зиянды заттар мен тұздану деңгейінің артуы су айдынының тоқырау жағдайында екенін көрсетеді. АЭС салу көп көлемдегі су мен энергияны қажет етеді, бұл су қорының сарқылуы мен тұздануын жылдамдатады. АЭС ауаға ластайтын заттарды шығармайды дегенмен, уран өндіру мен станция құрылысы қыруар энергия тұтынуға әкеледі. Жанармайдың жануынан бөлінетін көмірқышқыл газы көбейіп, экологиялық жағдайға қосымша ауырлық тудыруы мүмкін. Бұған қоса, атом станциялары адам денсаулығына төндіретін қаупі мыңдаған жылға созылатын радиоактив қалдықтар шығарады.

Бұл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде салатын алғашқы атом станциясы болмақ. Бұрынғы ядролық инфрақұрылым негізінен Кеңес Одағы тұсында Семейдегі уран базаларымен байланысты болды. Ол елге қауіп төндіріп, аумақтың радиоактивті ластануына әкеп соққаны белгілі. Бұл салада жеткілікті тәжірибе болмауы техникалық ақау туындау қаупін арттыруы ықтимал.

Мұндай қауіпті азайту үшін Қазақстан Ресеймен және Қытаймен әріптестік орнатты, бұл шетелдік серіктестерге тәуелділікті күшейтеді. Тараптар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы бүкіл ел үшін елеулі шығынға әкелуі мүмкін.

Әлемдегі уран қорының 14%-ы Қазақстанға тиесілі, 2024 жылы еліміз шамамен 23 270 тонна уран өндірді. 2009 жылы Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шығып, жаһандық нарықтың 28%-ын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдегі уранның 40%-дан астамын өндіреді. Алғашқы АЭС-ке салынатын инвестиция көлемі 14-15 миллиард доллар деп бағалануда, оның 1 миллиарды әлеуметтік жобаларға бөлінеді.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, Үлкен ауылы тұрғындарының 97%-ы референдумға қатысып, шамамен 90%-ы жобаны қолдаған. Бұл қоғамдық қолдау жоғары екенін көрсетеді.

Қазір Үлкен ауылы қараусыз қалған, қаңыраған елді мекенге ұқсайды. Тұрғындардың көпшілігі ірі қалаларға көшіп кеткен. Ауылда жалғыз мектеп пен дәріхана бар, аурухана жоқ. Жастар болашағын Үлкенмен байланыстырмайды. Ал құрылыс басталса, жағдай өзгереді деген үміт бар. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі ауыл қайта өркендеп, мұнда жаңадан мамандар мен студенттер келеді деп күтеді.

АЭС салу жоғары білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға, ғылыми зерттеулерді күшейтуге және технологиялық дамуға жол ашады. Тиімді басқарған жағдайда, атом энергетикасы экономикалық өсім мен инфрақұрылымды жақсартуға әкелуі мүмкін. Ең маңызды нәтиженің бірі — жаңа жұмыс орындарының ашылуы, Үлкен ауылы тұрғындарының асыға күтіп жүргені де осы.  

Дегенмен, Балқаштың ерекше табиғатын, биоалуантүрлілік пен су ресурстарын сақтау үшін қатаң экологиялық стандарт әзірленуі және сақталуы маңызды. Биліктің ашықтық және айқындық саясатын ұстануы — мүдделі тараптардың бәрімен сенімді қарым-қатынас орнатудың басты шарты. Серіктестермен тиімді және ашық байланыс — жобаның сәтті жүзеге асуы жолындағы міндетті талап.

Су және энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне орай Қазақстанға төнетін қысым артып келе жатыр. Геосаяси орналасуы мен табиғи ресурстарының арқасында елдің елеулі жетістікке жететіндей әлеуеті бар. Алайда кез келген ірі жобаның қаупі де жоғары болатынын естен шығармау маңызды, мұндай жобалар сауатты және жауапкершілікпен басқаруды қажет етеді. Экологиялық тұрақтылыққа зиян келмеген жағдайда ғана АЭС экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айнала алады. 

Динара Шаяхмет.

12:28
66

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020