«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты №3 білім-инновация лицей-интернатына да тиіп жатыр.
Бұл жөнінде мектеп директоры Диас Жұмаділов:
–Білім-инновация лицей-интернатының ғимараты 1964 жылы салынған. Содан бері ғимараттың қасбеті күрделі жөндеуден өтпеген. Жылда жүргізілетін сылақ жұмыстарын аздық еткен мектепті жөндеу қажетті туралы Қарағанды облысының білім басқармасына ұсыныс білдіргеніміз сол еді, мемлекеттік бағдарламаға ілігіппіз. Бұл біз үшін үлкен қолдау мен қамқорлықтың белгісі болды, – деді.
Бүгінде 7-сыныптан 11-сыныпқа дейін 242 оқушыға білім беріп отырған лицей-интернатты жезқазғандық мердігер «Әжібаев М.П.» ЖК күрделі жөндеуден өткізеді. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 81 710 720 теңге қаржы бөлінген. 29 сәуірден бастап жұмысқа кіріскен 22 жұмыскер (оның ішінде жұмыссыз тұрғындар қатарынан алынғандары 11) мектеп ғимаратының жертөлесін қайта құрып жатыр. Металл сайдингпен қапталатын мектептің кейбір терезелері ауыстырылып, кіреберісі жөнделеді. Сатысы жаңартылып, пандус орнатылады. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталса білім-инновация лицей-интернаты жаңа оқу жылында шәкірттерін жаңаша кейпінде қарсы алмақ.