Жаңа мүмкіндіктер

Ұлытау облысының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық: енді варикозды заманауи, қауіпсіз әрі тиімді әдіспен Жезқазғанда да емдеуге болады. Ең бастысы ем-шара Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі.

Адам денсаулығында «ұсақ-түйек» ауру деген болмайды. Әсіресе, күнделікті өмір сапасын төмендететін, созылмалы дертке айналатын мәселелерге дер кезінде назар аудару қажет. Варикоз – дәл осындай аурулардың бірі. Ол аяқтағы тамырлардың кеңеюі мен қан айналымының бұзылуы салдарынан пайда болады. Алғашқы кезде ауру аса байқала бермейді. Алайда уақыт өте келе аяқтардағы ауырлық, ісіну, шаншу, түнгі түйілулер мазалай бастайды. Көп адам бұл белгілерге мән бермей, тек косметикалық кемшілік ретінде қарайды. Алайда ауру асқынып кетсе, тері астындағы тамырлар тым кеңейіп, қабынуға ұшырап, тромб түзілуі немесе трофикалық жара пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіпті асқыну – өкпе эмболиясы. Мұндай жағдай өмірге қауіп төндіреді. Бұл дертке тұқым қуалаушылықпен қатар, өмір салты да әсер етеді. Ұзақ уақыт аяқта тұру немесе бір орында отыру, артық салмақ, қозғалыстың аздығы, гормондық өзгерістер, жүктілік, ыңғайсыз киім мен аяқ киім – барлығы варикозға себеп болуы мүмкін.

Әсіресе мұғалімдер, сатушылар, медицина қызметкерлері, жүргізушілер және кеңсе жұмысшылары бұл дертке жиі шалдығады.

Қазіргі медицина варикозды емдеудің көптеген әдісін ұсынады. Соның ішінде ең заманауи әрі тиімдісі – эндовенозды лазерлік коагуляция. Бұл –жергілікті анестезиямен жасалатын процедура. Оның мәні – зақымданған тамыр ішіне лазерлі талшық енгізіліп, ішінен емделеді. Аз инвазисті процедура небәрі бір сағатқа созылады. Бірнеше сағаттан соң пациенттің жүріп-тұру қабілеті қайта оралады. Отадан кейін арнайы компрессиялық шұлық киіледі және пациент бірден үйіне жіберіледі. Ауруханада ұзақ жатудың немесе жалпы наркоз қолданудың қажеті жоқ. Бұл әдіс диабет, жүрек ауруы сияқты қосымша диагноздары бар адамдар үшін де өте қолайлы. Бұрын мұндай жоғары технологиялы емге тек ірі қалаларда – Астана, Алматы не болмаса Қарағанды секілді аймақтық орталықтарда ғана қол жеткізуге болатын. Енді бұл мүмкіндік Ұлытау облысының тұрғындарына да ұсынылып отыр. 2024 жылдың соңында ашылған аяқ қан-тамыр хирургиясы орталығында жыл соңына дейін варикоз диагнозы бар 121 адамды емдеу жоспарланған. Бұл мақсатқа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында 30 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.Яғни, ем-шара тұрғындар үшін толықтай тегін. Ол үшін тек емханаға барып, терапевттен жолдама алу жеткілікті.

Өз тілшіміз. 

14:09
36

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020