​Заманауи әдіспен ота жасалды

Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімінде алғаш рет заманауи әрі жеңіл әдіспен бүйрекке ота жасалды. Ретроградтық бүйрекішілік хирургия әдісінің басты ерекшелігі – денеге пышақ тигізбей, еш жерін тіліп-кеспей, бүйректегі тасты алу. Сонымен бірге дәстүрлі оталарға қарағанда аталған тәсіл қауіпсіз әрі оңалту мерзімі әлдеқайда қысқа болып саналады.

Арнайы икемді құрал – уретероскоп науқастың несеп жолы арқылы бүйрекке дейін енгізіліп, лазердің көмегімен тастар майдалап үгітіледі де, сыртқа шығарылады. Мұндай ота бұрын тек ірі қалаларда жасалатын. Енді ол Ұлытау облысының тұрғындары үшін де қолжетімді болып отыр.

Жаңа тәсілді үйрету үшін Қарағанды қаласынан тәжірибелі дәрігер Серік Жүнісов келіп, жергілікті урологтарға шеберлік сабағын өткізді. Сол күні-ақ, төрт науқасқа ота жасалып, олардың бүйрегінен көлемді тастар сәтті алынды. Ота небәрі 30-40 минуттың ішінде аяқталды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар екі күннен кейін үйлеріне шығарылады. Облыстық аурухананың уролог дәрігері Сәбит Атабаевтың айтуынша, енді бұл әдіс тұрақты түрде қолданылмақ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ай сайын 10-15 науқасқа дейін осындай ота жасалады деп күтілуде. Бүйрегінде тасы бар адамдар тіркелген емханасы арқылы жолдама алып, жоспарлы түрде ота жасата алады. Ең бастысы – сақтандырылған мәртебесі болса жеткілікті. Бұл – облыс медицина үшін үлкен серпіліс. Енді жергілікті тұрғындар тез әрі тиімді ем алу мүмкіндігіне ие болды.

Мерей Рүстем.

13:52
43

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020