29 қазанда Қазақстанда жаңа кәсіби мерекені атап өтеді. Бұл күн ресми түрде кәсіпкерлер күні деп бекітілген. Бұл – жаңа мүмкіндіктер жасап, жұмыс орындарын ашып, жаңа технологияларды енгізіп, экономиканы алға жылжытатын адамдардың мерекесі. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында осы жаңа мереке – Кәсіпкер күніне орай бүгін марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгінде кәсіпкерлер қоғамның дамуына зор үлес қосып келеді: олар жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналды. Сіздерге мықты денсаулық, табыс пен береке тілеймін, – деді Дастан Адайұлы өзінің құттықтауында.
Тәуелсіз «Іскерлік климат» рейтингі қорытындысы бойынша, Ұлытау облысы шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жөнінен көшбасшы өңір ретінде танылды.
Мереке қарсаңында кәсіпкерлер мемлекеттік марапаттармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрмет грамоталарымен марапатталды. Олар жергілікті өнім өндіру, халық тұтынатын тауарлар шығару, білім беру қызметтері сияқты түрлі салаларда еңбек етіп жүрген кәсіп иелері. Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» облыстық байқауларының жеңімпаздары да назардан тыс қалған жоқ.
Мерекелік құттықтауларды облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров пен Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова жалғастырып, бизнес өкілдерінің өңірдің өркендеуіне қосқан маңызды үлесін атап өтті.