Ұлтымыздың ұясына айналған киелі өлкемізде елдігімізді айшықтайтын айтулы мереке Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шаралар желісі әлі де жалғасын тауып келеді. Осы мереке аясында болашағымыздың темірқазығы саналатын жас ұрпақтың еңбегін бағалап, арман-мақсатына дем беретін ерекше шара – «Ұлытау ұланы» атты Ұлытау облысы әкімінің белсенді жастарға арналған сыйақысы бүгін табысталды.
Бұл марапат – ел ертеңіне сенім артар жас буынға деген айрықша құрметтің белгісі. Жаңа заман тәуелсіз елдің мұраты – жастардың білімге ұмтылып, біліктілікке талпынып, еңбекпен шыңдалуын талап етеді. Өйткені кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар.
Жастарға бағыт-бағдар беріп, қаламыздың көркеюіне үлес қосуға, халық үшін елеулі еңбек етуге үндейтін жанашыр аға буын өкілдері де осы іс-шараға қатысты.
Салтанатты шараның алғы сөзі Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіровке берілді.
«Ұлытау ұланы» облыс әкімінің сыйлығы «Жылдың жас көшбасшысы», «Үздік жас кәсіпкер», «Жас саясаткер», «Үздік жас өнерпаз», «Жылдың спорт жұлдызы», «Жас ерікті – қоғам жанашыры», «Жас медиакөшбасшы» және «Жылдың үздік жас еңбеккері» номинациялары бойынша табысталды.
Айта кетсек, биыл облыс әкімінің жүлдесіне белсенді жастардан 50-ден астам өтінім келіп түскен.