Еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағанбетова дүйсенбі күні тікелей эфирде өткізген брифинг барысында қазіргі таңдағы эпидемиологиялық ахуал туралы соңғы мәліметтермен бөлісті.
– Өткен аптада коронавирус індетін жұқтырғандар саны 1,9 %-дан 4,7 %-ға дейін өскен. Әлем елдері қолданып жатқан тәжірибеге сүйене отырып бізде COVID-19 дертіне шалдыққан науқастарды ауру белгелері бар және жоқ деп екі топқа бөліп қарастырғанды жөн көрдік. Бұлардың бір-бірінен негізгі айырмашылығы мынада. Коронавирус ауру белгісі бар бір науқас айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасау барысында кем дегенде үш адамға жұқтырады. Тіпті жеті адамды ауру етуге қауқарлы. Ол жеті науқас тағы қаншама адамның басын қатерге байлайтынын есептеп көріңіз. Ал ауру белгісі жоқ науқастар алгоритмі бұған қарағанда сәл өзгешелеу. Ауру белгісі жоқ үш адам орташа есеппен тек бір адамға ғана дерт жұқтыруы мүмкін. Дерттің алғашқы белгілері пайда болмастан бұрынғы екі күн мен пайда болғаннан кейінгі жеті күнде науқастың өзгелерге вирус тарату қарқыны өте жоғары деңгейде болады. Осы он күн аралықтан кейін науқастың жағдайы түзеле бастайды. Соған қарамастан тест нәтижесі бәрібір науқас ағзасында вирустың әлі де болса сақталып қалғандығын көрсетуі мүмкін. Қандай жағдай болмасын ауру белгісі бар науқастармен қоса белгісі жоқ науқастарға да барынша қажетті медициналық көмек көрсетіледі, – деді ол өз сөзінде.
Коронавирусқа шалдыққандар саны күнделікті өсіп жатқандығын айтқан бас санитар дәрігер тұрғындарға адам қарасы қалың орындарда тұрғындарға міндетті түрде маска тағып, қолғап киіп жүруді және өзге де сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертті.
Брифинг барысында ел пікірі қақ жарылып, тіпті үкіметке арнайы хат жолданған екпе салдыру мәселесі туралы да cөз қозғалды.
– Біз ешкімді екпе салдыруға мәжбүрлемейміз. Таңдауды ел азаматтарының өздеріне қалдырамыз. Ауруға қарсы екпе салдыру тек медицина қызметкерлеріне ғана міндетті. Ел арасында немерелеріме қатысты да қаңқу әңгімелер айтылып жүр. Менің екі немерем бар. Олардың біреуі – екіде, екіншісі – бір жаста. Қазір олардың негізгі міндетті 11 екпені алатын уақыттары және екпелер түгел егілді. Осы орайда оларға менің немелерім болғандықтан ең сапалы екпелер пайдаланылады деген орынсыз пікір қалыптастырудың еш қисыны жоқ. Себебі оларда өзге тұрғындар секілді тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханадан ем қабылдады, – деді ол.
9 маусымда тіркелген ресми деректерге сәйкес 13 319 қазақстандық коронавирусты жұқтырған. Олардың ішінде ауру белгісі байқалмайтын азаматтардың жалпы саны – 2136. 8015 адам аурудан жазылып, 61 адам көз жұмды.
– Вирус анықталғандардың 80 %-ы аурудың жеңіл түрімен ауырды, олардың арасында ауру белгісі жоқ адамдар болды. Эпидемия басталғанда әуелі клиникасы бар аурулар анықталады. Бірақ вирус жұқтырғандар көбейген сайын ауру белгілері жоқтардың саны арта түседі. Ұжымдық иммунитет осылай қалыптасады, – дейді соңғы мәліметтерге байланысты пікірін білдірген «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымыБақыт Түменова.
Аты жаман аурудың қақпанына түскен жезқазғандықтар саны да артып тұр. 10 маусымдағы дерекке сай қала бойынша коронавирустық инфекция жұқтырған 66 адам тіркелді. Оның ішінде 31-і – «Жомарт» кенішінің жұмысшылары, 4-еуі – шетелден келген студенттер, қалғаны – науқастармен байланыста болғандар.
Дайындаған Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН