Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір аумағында ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі жобалардың бірі – «Kengir agro» агрокешенінің құрылысы басталды. Бұл кешенде суармалы егіншілікпен айналысып, мал бордақылау алаңын және сүт өндіруге арналған ферманы бір орталыққа шоғырландыру жоспарланып отыр. Жоба «Отбасылық ферма» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Оның басты мақсаты – өңірдің азық-түлік қорын көбейту, экономиканы дамытудың жаңа бағыттарын ашу және жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын құру.
Құрылыс жұмыстары бүгінде қарқын алған. Кешен аумағында басқару ғимараты, жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, мал бордақылайтын модульдер, қора-жайлар, сондай-ақ қойма инфрақұрылымдары салынуда. Жалпы көлемі 901 гектар жердің шамамен 500 гектары мал азығын өндіру мақсатында бөлінген. Бұл алқапта заманауи тамшылатып суару технологиясы енгізіледі. Су жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, 45 мың текше метр суға арналған арнайы қойма-шұңқыр қазу жұмыстары жалғасуда.
Кешенді тұрғызу барысында Жезқазған өңірінде өндірілетін құрылыс материалдарын қолдану басымдыққа ие. Бұл — жергілікті кәсіпорындарды қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимов жобаның өңір үшін маңызын атап өтіп:
«Біздің аймақта соңғы отыз жыл ішінде дәл осындай көлемдегі жоба іске асқан жоқ. Алқаптан алынатын мал азығы толықтай тамшылатып суару арқылы өсіріледі. Қор дайын болғанда шамамен 500 бас асыл тұқымды ірі қара әкелініп, бордақыланады. Екі жыл ішінде Жезқазғанда өзіміздің сүт өнімдерін шығаратын ферма жұмысын бастайды», – деді.
«Отбасылық ферма» жобасы республика көлемінде баламасы жоқ бастама болып саналады. Қазіргі таңда оның аясында Жаңаарқа ауданының Түгіскен, Алғабас, Айнабұлақ және Орынбай ауылдарында да бірқатар фермалар бой көтеріп, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.