1) Сапардың жалпы экономикалық маңызы
Армения Премьер-министрі Н. Пашинянның Қазақстанға ресми сапары қолданбалы экономикалық сипатқа ие және өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін нығайтуға бағытталған.
Қазақстан мен Армения екіжақты сауда көлемін ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүдделі. Тауарлардың нарықтарға өзара қол жеткізілуін жеңілдету, өнеркәсіптік кооперацияны және логистикалық өзара байланысты дамыту жөніндегі практикалық шараларды талқылау жоспарлануда. ЕАЭО шеңберінде одақішілік сауданың өсуін ескере отырып, сапар қол жеткізілген нәтижелерді бекіту, индустриялық саясатты басқаруда тәжірибе алмасу және Қазақстан мен Арменияның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту үшін қолайлы жағдайлар құрады.
2) Экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өсу әлеуеті
Қазақстан мен Армения арасындағы белсенді саяси диалог өзара сауданың айтарлықтай экономикалық өсуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Өзара тауар айналымының ағымдағы көлемі 82,9 млн долларға (2024 жылдың қорытындысы бойынша) және 41,6 млн долларға (2025 жылдың тоғыз айында) жетті. Тараптар өзара сауданы едәуір ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуетке ие.
Негізгі басымдық әлеуеті 350 млн долларға бағаланатын Қазақстаннан экспорт номенклатурасын кеңейту болып табылады. Бұл өсуді қамтамасыз ете алатын негізгі тауарлар металлургия, мұнай-химия, химия, машина жасау, ауылшаруашылық және тамақ өнімдері болып табылады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін екі ел де ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.
Арменияға металлургия саласының өнімдерін 96 млн долларға, мұнай-химия саласының өнімдерін – 85,7 млн долларға, тамақ өнімдерін – 74 млн долларға, химия саласының өнімдерін – 27,2 млн долларға, көлік құралдарын – 33,5 млн долларға, машина жасау саласының өнімдерін – 18,4 млн долларға, фармацевтика өнімдерін – 8,8 млн долларға жеткізу мүмкіндігі бар.
Екі ел кәсіпкерлерінің, инвесторларының және сарапшыларының қатысуымен Қазақстан-Армения бизнес-форумдарын ұйымдастыру маңызды болып табылады. Мұндай іс-шараларды өткізу іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға және нығайтуға өзара мүдделілікті және олардың екіжақты экономикалық әріптестіктің тиімділігін арттыру үшін өте маңызды болып табылатын коммерциялық уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға бейілділігін растайды.
Сауда-экономикалық қатынастарда үйлестіруші рөлді Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия атқарады, оның 11-ші отырысы 2025 жылғы 19 қыркүйекте өтті.
Сауда байланыстарын нығайту үшін Арменияда тіркелген қазақстандық капиталдың қатысуымен 120-дан астам кәсіпорынның және Қазақстанда жұмыс істейтін 500-ге жуық (495) армян компанияларының қызметі жақсы негіз болып табылады.
Сапар барысында қол қойылған Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған жол картасы және Қазақстан-Армения іскерлік кеңесін құру туралы келісім экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды күшейту бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.
3) Сенімді қалпына келтіру және ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жағдай жасау
Астана мен Ереван екіжақты ынтымақтастықтың белсенді дамуын көрсетуде. Отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық бидайдың алғашқы партиясын Әзірбайжан аумағы арқылы Арменияға жіберу Оңтүстік Кавказда сенімді нығайтудың жарқын дәлелі болды. Ұлттық астық операторы алғаш рет Арменияға азық-түлік бидайын жеткізді, бұл көп жылдық үзілістен кейін транзиттік бағытты ашқан Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері арасындағы уағдаластықтардың арқасында мүмкін болды.
Әзірбайжан аумағы арқылы Армения бағытындағы жүктердің транзитіне барлық шектеулерді алып тастау туралы 2025 жылғы 21 қазанда Астанада президенттер Қ. Тоқаев пен И. Алиевтің кездесуі кезінде жарияланды. Әзірбайжан арқылы транзитті қалпына келтіру Қазақстан үшін Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс елдеріне жаңа экспорттық бағыт ашатынын атап өту маңызды. Өңір үшін бұл – жай ғана экономикалық оқиға емес, сенімді қалпына келтірудің және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа жағдай жасаудың символы.
Жаңа бағыт экспортты, оны жеткізу жолдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Келешекте астық жеткізу көлемін ұлғайту, сондай-ақ Арменияға экспортталатын қазақстандық азық-түлік өнімдерінің ассортиментін кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
4) Көлік-логистикалық дәліз және әуе қатынасы
Қазақстанның Армениямен көлік саласындағы ынтымақтастығы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты болып табылады. Армян әуе компанияларына Қазақстанға тікелей рейстер орындау үшін «ашық аспан» режимі шеңберінде «әуе еркіндігінің» 5-деңгейін пайдалану ұсынылды. Бұл шара іскерлік белсенділікті, туризмді ынталандыруға және жүк тасымалын жандандыруға бағытталған.
Көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуда «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» жобасын іске қосу арқылы Оңтүстік Кавказдағы көлік коммуникацияларының бұғатын ашу жөніндегі шешім, сондай-ақ Арменияның «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын Орта дәлізбен және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыруға деген қызығушылығы стратегиялық маңызға ие.
Көлік-логистикалық өзара іс-қимыл шеңберінде мультимодалды жүк тасымалдарын дамытуға ерекше назар аударылды, онда Армения Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Армения көлік дәлізінің жобасына қолдау көрсетеді.
Орталық Азия мен Иран арқылы Қытайды Оңтүстік Кавказбен байланыстыратын бағдар бойынша қолданыстағы тасымалдардың табыстылығы атап өтілді. Армения вице-премьері М. Григорян бұл тасымалдар армян кәсіпкерлерінің «Қорғас» ШЫХО мүмкіндіктеріне қызығушылығын ескере отырып, тұрақты сипатқа ие бола алатынын атап өтті (қазіргі уақытта «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 7 армян дүкені (Duty Free) және 3 қойма жұмыс істейді).
Бұл қызығушылық Оңтүстік Кавказ нарықтарын негізгі өңірлік сауда хабтарымен байланыстыру үшін өте маңызды жоғары тиімді маршруттарды құру мақсатын растау болып табылады.
5) Қаржы-инвестициялық өзара іс-қимыл және іскерлік байланыстар
Екі елдің қаржылық ынтымақтастығы ЕАЭО тетіктері шеңберінде, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтардың тікелей байланыстары арқылы дамуда. Қазақстандық банктер армян нарығында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған серіктестік келісімдер мен инвестициялық бағдарламалар арқылы ұсынылған. Қазақстанда сауда, қызмет көрсету, зергерлік өндіріс және ақпараттық технологиялар саласында армян капиталы бар компаниялар табысты жұмыс істеуде.
Н. Пашинянның ресми сапары аясында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Арменияның Сауда-өнеркәсіп палатасының Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қою жоспарлануда, сондай-ақ оның екі елдің іскер топтарының қатысуымен алғашқы отырысы өтеді.
Кеңес алаңдарында қаржы, көлік, тамақ өнеркәсібі және логистика саласындағы нақты жобалар талқыланады.
6) Гуманитарлық және ақпараттық серіктестік
Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық байланыстарды нығайту және өнер, әдебиет, музыка, кино және ақпарат алмасу саласындағы екіжақты жобаларды кеңейту бағытында дамуда. 2025 жылы алғаш рет өткізілген Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері аясында бірлескен концерттер, әртістердің гастрольдік турларын өткізуге және жастардың шығармашылық бағдарламаларын дамытуға бағытталған бастамалар ұсынылды.
Биылғы жылдың маңызды оқиғалары алғаш рет өткізілген Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері және Ереванда қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының құрметіне гүлзардың ашылуы болды.
Н. Пашинянның сапары барысында Астана көшелерінің біріне армян халқының көрнекті ұлы, ағартушы, армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың есімі берілді.
Бұл оқиғалар екі ел достығының жарқын символына айналды.
Армян мәдени орталықтары Қазақстанның 13 өңірінде ұсынылған, олардың негізінде армян этносының мәдениетін, тілін, дәстүрлері мен тарихын дәріптеу жүзеге асырылады.
7) Көші-қон ынтымақтастығын дамыту
Қазақстан мен Армения арасындағы көші-қон ынтымақтастығын дамыту екіжақты қатынастарды нығайтудың маңызды бағыты болып табылады. Екі ел де азаматтардың құқықтарын қорғауды және ведомстволар арасындағы сенімді нығайтуды қамтамасыз ететін көші-қон процестерін реттеудің ашық және тиімді жүйесін құруға мүдделі. 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойылған және 2025 жылғы қыркүйекте екі елдің парламенттері ратификациялаған Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасуды, азаматтардың құқықтық мәртебесі мәселелерін бірлесіп қарауды және заңсыз көші-қонның алдын алуды көздейді. Келісім азаматтардың құқықтарын қорғауға және еңбек ағындарын тиімді реттеуге бағытталған көші-қонды басқарудың ашық жүйесін қалыптастыру үшін негіз қалайды.
8) Цифрландыру, инновация және жасанды интеллект
Ресми сапар аясында цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық құжатқа қол қойылады деп күтілуде, ол IT-білім беру, стартаптар және технологиялық алмасу саласындағы бірлескен жобаларды жандандыруға мүмкіндік береді.
Өзара іс-қимылдың маңызды нәтижесі 2026 жылдың басында Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында іске асырылатын Орталық Азиядағы тұңғыш «TUMO Astana» орталығының толық іске қосылуы болмақ.
Қазақстан мен Арменияның Astana Hub және «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберінде цифрлық, қаржы технологиялары және жасыл жобаларды дамыту бойынша ынтымақтастық үшін үлкен әлеуеті бар, онда қазірдің өзінде келесі салаларда 12 армян компаниясы белсенді жұмыс істейді: қаржылық қызметтер және сақтандыру – 6 компания; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 6 компания.
9) Атом және ғылыми-техникалық кооперация
Атом энергиясын бейбіт пайдалануда өзара іс-қимылды нығайтуға, атом электр станцияларын пайдалану, радиациялық қауіпсіздік және кадрларды даярлау мәселелерінде тәжірибе алмасуға қызығушылық бар.
10) АӨК және өзара азық-түлік қауіпсіздігі
Ауыл шаруашылығы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
Қазақстан армян нарығына жоғары сапалы бидай мен ұнды, өсімдік майы мен ет өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайын, осылайша Арменияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола алады.
Армян тарапы қазақстандық АӨК өнімі – ұн, өсімдік майы, кондитерлік және сүт бұйымдарының импортына, сондай-ақ аграрлық ғылым мен технологиядағы кооперацияға қызығушылық танытуда.
11) Денсаулық сақтау
Қазақстан мен Арменияның денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы өзара ықпалдастығын кеңейтуге мүмкіндігі бар. Бұған 2026 жылы Арменияда өтетін Қазақстан медицинасы күндері және 2027 жылы Қазақстанда ұйымдастырылатын Армения медицинасы күндері ықпал етпек.
Қазақстандық тарап Арменияның денсаулық сақтау өкілдерін жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсететін және емдеудің, профилактиканың, оңалтудың инновациялық технологияларын енгізген Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарымен ынтымақтастыққа шақырды.
Қазақстандық фармацевтика өндірушілері Армения клиникаларын қазақстандық медициналық жабдықпен қамтамасыз етуді жолға қоюға дайын екендерін білдірді.
12) ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ
Өзара іс-қимылдың жаңа өзара тиімді бағыты жер қойнауын пайдалану және тау-кен өндіру саласындағы ынтымақтастық болуы мүмкін. Сапар аясында тиісті меморандумға қол қойылды.
Қазақстан пайдалы қазбалар қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне (CRIRSCO) көшуде армян тарапына қолдау көрсетуге дайын.
13) АРМЕНИЯДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты Армениядағы жобаларды іске асыруда көлік және инфрақұрылымды салу мен жаңғыртуда мол тәжірибесі мен құзыреті бар қазақстандық құрылыс компанияларының қатысуы болуы мүмкін.
14) Сапар қорытындысы
Армения Премьер-министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары екіжақты саяси диалогтың жоғары деңгейін растады, өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қазақстан-Армения ынтымақтастығын нығайтуға қуатты серпін берді, сауда-экономикалық, инновациялық кооперация және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін жаңа көкжиектер ашты.
Сапар барысында бірқатар құжаттар қабылданып, Қазақстан-Армения қатынастарын жан-жақты нығайтуға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі қол қойған, екі ел арасындағы қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаратын бірлескен мәлімдеме, сөзсіз, екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың жарқын жаңа бетін ашатын тарихи оқиға болды.