Сенімді қалпына келтіру және ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жағдай жасау
Астана мен Ереван екіжақты ынтымақтастықтың белсенді дамуын көрсетуде. Отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық бидайдың алғашқы партиясын Әзірбайжан аумағы арқылы Арменияға жіберу Оңтүстік Кавказда сенімді нығайтудың жарқын дәлелі болды. Ұлттық астық операторы алғаш рет Арменияға азық-түлік бидайын жеткізді, бұл көп жылдық үзілістен кейін транзиттік бағытты ашқан Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері арасындағы уағдаластықтардың арқасында мүмкін болды.
Әзірбайжан аумағы арқылы Армения бағытындағы жүктердің транзитіне барлық шектеулерді алып тастау туралы 2025 жылғы 21 қазанда Астанада президенттер Қ. Тоқаев пен И. Алиевтің кездесуі кезінде жарияланды. Әзірбайжан арқылы транзитті қалпына келтіру Қазақстан үшін Оңтүстік Кавказ және Таяу Шығыс елдеріне жаңа экспорттық бағыт ашатынын атап өту маңызды. Өңір үшін бұл – жай ғана экономикалық оқиға емес, сенімді қалпына келтірудің және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа жағдай жасаудың символы.
Жаңа бағыт экспортты, оны жеткізу жолдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Келешекте астық жеткізу көлемін ұлғайту, сондай-ақ Арменияға экспортталатын қазақстандық азық-түлік өнімдерінің ассортиментін кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
Цифрландыру, инновация және жасанды интеллект
Ресми сапар аясында цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық құжатқа қол қойылады деп күтілуде, ол IT-білім беру, стартаптар және технологиялық алмасу саласындағы бірлескен жобаларды жандандыруға мүмкіндік береді.
Өзара іс-қимылдың маңызды нәтижесі 2026 жылдың басында Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында іске асырылатын Орталық Азиядағы тұңғыш «TUMO Astana» орталығының толық іске қосылуы болмақ.
Қазақстан мен Арменияның Astana Hub және «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберінде цифрлық, қаржы технологиялары және жасыл жобаларды дамыту бойынша ынтымақтастық үшін үлкен әлеуеті бар, онда қазірдің өзінде келесі салаларда 12 армян компаниясы белсенді жұмыс істейді: қаржылық қызметтер және сақтандыру – 6 компания; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 6 компания.