Таза қоршаған орта – ұлт денсаулығының, ел дамуының және қоғам мәдениетінің негізгі көрсеткіші. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық мәселелер жиі көтеріліп, табиғат тазалығына деген жауапкершілік арта түсті. «Таза Қазақстан» бастамасы – осы бағыттағы ауқымды іс-шаралардың бірі. Ол тек белгілі бір маусымдық акция емес, азаматтардың табиғатты қорғауға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды мақсат ететін қоғамдық қозғалысқа айналып келеді.
Қазақстан – жер көлемі кең, табиғи байлығы мол мемлекет. Дегенмен, өндіріс орындарының көбеюі, қалдықтардың дұрыс өңделмеуі, ауа ластануы мен су көздерінің бүлінуі сияқты мәселелер экологияға үлкен салмақ түсіріп отыр. Кей өңірлерде тұрмыстық қалдықтардың жинақталуы, өзен-көлдердің ластануы, жасыл желектің азаюы – күн тәртібіндегі өткір мәселелер.
«Таза Қазақстан» бастамасының мақсаты – осы проблемаларды азаматтық деңгейде шешуге үлес қосу, қоғамды табиғатты аялауға жұмылдыру.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Тазалықты сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың парызы. Бұл бастама арқылы адамдар қоқысты сұрыптау, табиғатты бүлдірмеу, тазартып ұстау мәдениетіне үйренеді.
Қауіпсіз және жайлы орта құру. Таза көшелер, таза су, таза ауа – дені сау ұлттың кепілі. Қоршаған ортаның жақсаруы халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жас ұрпаққа үлгі көрсету. Балалар үлкендердің ісінен үйренеді. Ынтымақпен өткізілген тазалық шаралары оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіреді.
Қоғамдық бірлікке бастайды. Әртүрлі сала өкілдерінің бір мақсатқа бірігуі қоғамдағы ынтымақтастықты арттырады.
Не істеу керек? «Таза Қазақстан» тек бір реттік сенбілікпен шектелмеуі тиіс. Жүйелі жұмыс қажет:
Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру;
Жасыл аймақтарды көбейту, ағаш отырғызу;
Өзен-көлдерге, ормандарға, саябақтарға қамқорлық жасау;
Экология туралы білім беру жұмыстарын күшейту;
Қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорындарға бақылауды күшейту.
Таза Қазақстан – бәріміздің қолымызда. Әр азамат өз үйінен, өз ауласынан, өз көшесінен бастаса, еліміздің экологиялық жағдайы айтарлықтай жақсарады. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – болашақ ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік.